Ауыл шаруашылығы

Өңірде егін егу науқаны басталды

Жалпы шаруашылық 5 мың гектар жерге дән сіңіруі тиіс. Соның 4 мың гектардан астамына – бидай, 1000 гектарына – арпа, тағы 600 гектарға зығыр себілуде. Соңғысын серіктестік биыл алғаш рет егіп көрмекші. Қазір кәсіпорын алқаптарында 15 адам бел жазбай еңбек етуде.

Анатолий Усолкин – «Ер-Агро» ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

– Алқаптарда 3 егістік кешені жұмыс істеп жүр. Тағы бірнеше Кировецтер бар. Биыл 1-ші репродукциялы элиталы тұқымдарды сеуіп жатырмыз. Жақсы өнім аламыз деп ойлаймыз. Минералды тыңайтқыштармен жерді уақытылы өңдедік. 800 гектар жерді парға қалдырып отырмыз.

Былтыр аталған серіктестік гектарынан 27 центнер өнім алыпты. Биыл дәл солай сапалы нан алу үшін агроқұрылымда барлығы әзір. Тек күн райы мүмкіндік берсе болғаны.

Қызылжар ауданында көктемгі-дала жұмыстарына «Ер-Агро» серіктестігін қоса есептегенде 304 шаруашылық шыққан.

Өмірбай Омаров – Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Қызылжар ауданы бойынша егістік алқаптарының көлемі 198 мың гектар. Соның 113 мың гектарына бидай, 35 мың га майлы дақылдар. 600 га жерге көкөніс егу көзделуде. Биыл бұршақ,майлы дақылдар өсіру көлемі арттырылған.

Осы уақытқа дейін қызылжарлық жер емген шаруалар 11 мың гектар жерге дән сіңіріп үлгерген. Тағы алқаптарда көкөніс, картоп егу шаруалары да қарқынды жүргізілуде.

Өмірбай Омаров – Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Аудан бойынша бүкіл шаруашлықтар жанар-жағармай, тұқым, техникамен қамтылған. Науқанды уақытылы аяқтауға бар мүмкіншіліктер бар.

Қауырт маусымға аудан бойынша 304 техника қатыстырылған екен. Соның 64-і заманауи егістік кешендері.

 

Магжан Ахмадина