МТРА жаңалықтары

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясы өтті

Құмар Ақсақалов – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

– Қиын-қыстау кезеңде сан ұл пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіріп, татулық пен бірлікті моделін көрсеткен ұйым. Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясына жаңа талаптар мен жаңа міндеттер қйыоылып отыр.

22-ші сессияға Ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған идеялары арқау болды. Құжатта көрініс тапқан “100 жаңа есім” жобасы аясында әлеуметтің алдында жауапкершілігі жоғары көзі тірі тұлғалардың есімдері ұлықталады.

Құмар Ақсақалов – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

– Ұлттардың біртектілігін сақтауға бизнес қауымдастық, зиялы қауым өкілдері және ғалымдар атсалысуы қажет. Өңірімізде елдің қамын ойлайтын Серік Малаев, Геннадий Зенченко, Еркебұлан Мамбетов, Анатолий Рафальский, Юрий Шоль сияқты азаматтар көп. Олар ел экономикасын дамытып қана қоймай, адамдарға көп көмектерін тигізуде. Солтүстікқазақстандық аграрийлердің есіл еңбегін кейінгі ұрпақ білуі керек.

Аймақ басшысы ассамблея мүшелері ел экономикасын дамытуға өзіндік үлесін қоса алады деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде этномәдени бірлестік өкілдері шетелдегі қандастарымен тығыз байланыс орнатқан. Олар осы мүмкіндікті пайдаланып, сырттан өңірге инвестиция тартуға өзіндік үлестерін қосу керек. Бізге Польша, Германия және Түркиядағы кәсіпкерлермен ынтымақтастық орнату қажет. Сіздер елімізге инвесторларды шақырыңыздар. Оларға жақсы мүмкіндіктер мен жеңілдіктер қарастырылғанын жеткізіңіздер.

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес жыл сайын облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасының орынбасары сайланып тұрады. Биыл аталған лауазымға “Түрік мәдениеті” ҚБ төрағасы Идрис Картал тағайындалды. Кейін мінберден түрлі ұлттың өкілдері мен қарапайым еңбеккерлер сөз алды. Ардақ Сагитов көпұлтты ұжымда 30 жылдан артық еңбек етеді екен.

Ардақ Сагитов – “Мамбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:

– Ұжымда неміс, татар, орыстар жұмыс істейді. Бір дастарханнан тағамды бөлісіп ішеміз, татумыз.

Сессияда Ардақ Сагитов қазақтың дархан даласы жайлы ән шырқап, көптің ыстық ықыласына бөленді.

Сәуір айында елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-ші сессиясы өткен болатын. Сол келелі жиынға қатысқан делегаттар алған әсерлерімен бөлісті.

Жангелді Тәжин – “Халықаралық “Қазақ тілі” ҚБ СҚОФ төрағасы:

– Біздің алған бағытымыз дұрыс. Елбасының тапсырмасын ойдағыдай орындап, сенім үдесінен шығуға тиістіміз.

Ольга Шумакова – Облыстық балалар ауруханасы нефрология бөлімшесінің меңгерушісі:

– Мен дәрігерлер әулетінен шықтым. Әулетімде 20 адам ақ халат киді. Олардың жалпы еңбек өтілі 405 жылды құрайды. Барлығы Қазақстанда білім алып, қиын-қыстау жылдары басқа жаққа бас сауғалап кетпей, ел игілігі жолында қызмет етуге бекінді. Облыстық балалар ауруханасының ұжымы көпұлтты. Біз бөлінбей, жылда барлық мерекелерді бірге атап өтеміз. Бала-шағаларымызды да өзге этностармен тату болуға үйретеміз.

Сессияға Түмен облысының делегаттары қатысты.

Есенғали Қамзаұлы – “Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы” ҚБ президенті, РФ:

– Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы солтүстікқазақстандықтармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Біз әр кезде сіздерге көмектесуге дайынбыз. Екі жақ бірігіп Қазақстан мен Ресейдің достығын нығайтуға үлес қосып жүрміз. Жақында ассамблеяға ұлттық киімдер сатып алу үшін сертификат бердік. Бүгін су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткіздік.

Жиында жыл басынан жемісті еңбек еткендерінің еңбегі еленді. Осы күні белсенді этномәдени бірлестіктерге облыс әкімінің гранты берілді. СҚО “Сомониён Север тәжік қауымдастығы” ҚБ мемлекеттен алған қаражатты әлеуметтік маңызы бар шаралар мен жобаларға жаратпақшы.

Анваршох Амиршоев – СҚО “Сомониён Север тәжік қауымдастығы” ҚБ төрағасы:

– Біз де су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге қол ұшын создық. Киім-кешектер үлестірдік. Өңірдегі мерекелік шараларға белсенді қатысамыз. Биыл Балаларды қорғау күні мерекесінде кішкентайларға сыйлықтар үлестіріп, палау таратамыз.

Былтыр этномәдени бірлестіктер 2 мыңға астам мәдени көпшілік, қайырымдылық шарасын өткізіп, солтүстікқазақстандықтарға жалпы сомасы 47 млн теңгеге көмегін көрсеткен. Жақында ассамблея мүшелері
облыс орталығында өтетін қайырымдылық балына атсалысады. Үстіміздегі жылы Қазақстан халқы ассамблеясына біраз тер төгуге тура келеді. Себебі, 2017 жыл айтулы даталарға толы. Биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына – 25 жыл, Елорданың Алматыдан Ақмолаға ресми көшірілуіне -20 жыл, қазақтардың дүниежүзілік 5-ші құрылтайы өтеді. Және алыс және жақын шетелдермен дипломатиялық қарым-қатысатың орнатылғанына 25 жыл болады.

Берік Қасен