Қоғам

Мамлют ауданына Оңтүстік және Жамбыл облыстарынан отбасылар қоныс аударуда

Мектептен үйіне енді келген Назерке бірінші сыныпта оқиды. 7 жасар қыздың сабақ үлгерімі жақсы, 4 пен 5. Сүттібаевтар әулеті Ленин ауылына осыдан бір жыл бұрын Оңтүстік Қазақстаннан көшіп келген. Бұл уақыт аралығында отбасы баспаналы болып, жаңа достар тауып үлгерді. Отағасы Бекбол туған жерінде жүргізуші болып қызмет еткен. Ал, теріскейде оған ауылдық әкімдіктен жұмыс тауып берді. Бос уақытында келіншегі Ғазизаға үй шаруасында көмектесіп, балаларға қарайласады. Биыл бұл жанұяда 6-шы рет шілдехана тойланбақ.

Отанасы Ғазиза күні бойы тынымсыз еңбек етеді. Үй шаруасынан бөлек, нәзікжанды ауылдастарынан түскен тапсырыс бойынша тәтті-дәмділер пісіреді екен.

Ғазиза Сүттібаева – Ленин ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Тапсырыстар бойынша ауыл азаматтарына торт пісіріп беремін. Бағасы қымбат емес, 1500-2000 теңге. Бау-бақшада рассадалар. Болашақта үйдің арт жағына картоп егіп, күзге дайындықтарды бастаймыз. Жай отырмаймыз. Әйелдің жасайтын тірлігін істейміз. Нан пісіреміз, бала тәрбиесі бар.

Бұдан бөлек, Сүттібаевтар әулеті мал шаруашылығын қолға алған. Келгендеріне аз ғана болса да олар қораларын қара малмен ақырындап толықтыруда. Қазір 1 сиыр мен 1 тайшалары және 5 асыл тұқымды бұзаулары бар. Болашақта оның қатарын еселеп, ферма ашуды жоспарлап отыр.

Ал Машанло отбасы Жамбыл облысынан Ленин ауылына бірер күн бұрын ғана келді. Десе де біраз істің бетін қайырып үлгерген. Мына жерге Шербаның жары Мариям көкеністер егіп, бетін қаптап қойған. Өйткені, солтүстіктің ауа райы тым салқын дейді. Ал отағасы 20 сотық жерді қазып мұнда картоп, сәбіз бен қырыққабат егуді жоспарлап отыр екен.

Көшіп қоныс аударғандарына көп болмаса да дүнген жұбы көрші-қолаңмен танысып, оларды ұлттық тағамдары – ашлямфудан ауыз тигізді. Есік қаққан қонақтарына да шайлары үнемі дайын тұрады. Туған ауылдарын қиып, Солтүстікке не себепті келдіңіздер деген сұраққа олар ойланбастан жауап қатты. Ауылдары – Жамбыл облысындағы Сарытөбе, ондағы халық саны 24 мыңнан асады. Жұмыс тапшы, шаруашылықпен айналысуға да мүмкін бола бермейді екен.

Шерба Машанло – Ленин ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Ол жақта біз өсімдік шаруашылығымен айналысқымыз келді. Бірақ, мүмкіндіктер болмады. Онда бар болғаны 2 мың гектар жер бар. Ал Солтүстікте тек еңбекқор болып, ойлаған жоспарыңды жүзеге асыруға бар жағдай жасалған, қолдау бар. Жер де жетерлік. Мектеп те жақын. Алдағы уақытта туған жерде қалған ағайынды да осында әкелу жоспарда бар.

Машанло отбасы осы елді мекенде өсімдік шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Ол үшін жергілікті әкімдік те қолдау танытып, өзге аймақтан келген әр жанұяға 5 гектар жер беруді жоспарлауда. Ауыл тұрғындары да қоныс аударушыларға қолдан келген көмектерін аямаймыз деп отыр.

Сәбит Омаров – Ленин ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Біздің ауылға отбасылардың көшіп келіп жатқаны қуантады әрине. Мектебіміз енді жабылмайды. Биыл 28 бала келді. Қазір барлығы орналасып жатыр. Қолдан келген көмекті аямаймыз ғой.

Жалпы жыл басынан Ленин ауылына 16 отбасы көшіп келді. Қазір олардың барлығы квота алу үшін құжаттарын рәсімдеу үстінде.

Динара Ғаббасова – Мамлют ауданы жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Жалпы баспана жалдауға субсиди беріледі.

Бұл мақсатқа биыл ауданға 3 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Яғни, әр отбасының мүшесіне ай сайын бір жыл бойы шамамен 40-47 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Ал қоныс аударушылар саны артатын болса, сәйкесінше квота саны да ұлғаймақ. Жалпы ағымдағы жылы Мамлют ауданына тағы 30 отбасы көшіп келеді деп жоспарлануда. Оларды Бостандық және Октябрь ауылдарына орналастыру көзделіп отыр.

 

Айгерим Ержанова