Спорт

ЖОО студенттері арасындағы президенттік көпсайыс және жүзуден IX жазғы универсиада ойындары өтті

Ал әр команданың шама-шарқын жақсы білетін сайыс ұйымдастырушылары жүлделі орындарға кім таласатындығын пайымдап та қойған.

Ербол Исатаев – жарысты ұйымдастырушы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ «Сұңқар» спорт клубының жетекшісі:

– Алдыңғы универсиадаларда жеңімпаз болғанбыз. Президенттік көпсайыстан біз чемпион болғанбыз. Ал жүзуден бізге басты қарсылас Қазақ Ұлттық Университеті болмақ.

Баттерфляй әдісі бойынша сынға түскендердің бірі – алматылық ару Сымбат Назаралиева. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенті 12 жыл жүзумен айналысады екен. Бірақ, нәзікжанды осы жолы жақсы нәтиже көрсете алмады.

Сымбат Назаралиева – жүзуден ҚР спорт шебері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті, Алматы қаласы:

– Қателіктерім болды. Бұдан да жақсы жүзген кездерім болды. Сол көрсеткіштерге жете алмадым.

Жарыстарға өңіріміз бен Алматы, Тараз, Өскемен, Шымкент, Астана, Қостанай қалаларынан 136 спортшы қатысуда. Кіл мықтылар жиылған сайысқа қатысушылардың қатары жыл санап артуда. Бұл студенттер арасындағы спортқа деген үлкен құлшынысты көрсетеді.

Гүлмира Құлдаева- жүзу жарысының бас төрешісі: 

– Студенттер арасындағы универсиаданы өткізу мәртебесі биыл солтүстікқазақстандықтарға бұйырып отыр. Сондықтан кімнің бағы мен бабы қатар шабатындығын тексеретін боламыз. Жалпы жыл санап жарыстарға қатысушы студенттер қатары өсіп келе жатыр. Бұл бізді қуантады. Жоғарғы оқу орындарында талай дарынды балалар білім алады. Білім ордалары бірнеше чемпиондарды тәрбиеледі.

Жалпы студенттік универсиада 32 спорт түрін қамтиды. Президенттік көпсайыс пен жүзуден жарыс өңірімізде өтсе, қалғандары бойынша еліміздің өзге аймақтарында ұйымдастырылмақ.

 

Магжан Ахмадина