Қоғам

Солтүстіктің ормандарына биыл 357 000 түп ағаш отырғызылды

Экологиялық акция өңірде жылда жүргізіледі. Дәстүрге сай биыл да прокурорлар, студенттер мен табиғатты қорғау басқармасы қылқан жапырақты ағаштарды отырғызуда. СҚМУ-де білім алатын Айдын Темірбекова да жең түріп табиғатты абаттандыруға кірісіп кеткен.

Айдын Темірбекова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Ағаш егу болашақта өте қажет. Өйткені, ағаш ол табиғаттың басты компаненті болып саналады. Бізді көріп басқа да жастар ағаштарды отырғызды деп үмітенеміз өйткені, бұл табиғатты жақсартады.

Облыстағы орман қорын арттыру керек. Себебі, оттегін бөліп, ауаны тазалап отыратын өсімдіктер азайып барады. Бұл мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорларының қадағалауында.

Жаслан Смағұлов, СҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры:

– Соңғы 5 жылда облыста 581 гектар жерге ағаш отырғызылмаған. Бұл 986 футбол алаңымен пара-пар. Сараптама жұмыстары өңірде орман өсімдіктерін отырғызуға рұқсат етілген жерлердің жоқтығын көрсетті. Нәтижесінде орман қоры азайған, ал орман қорғаушылар болса ағашты ақысына отырғызуға мәжбүр болған. Біз тиісті орган өкілдерін жиып, мәселені шештік. Ағаш отырғызуға болатын жерлерді анықтадық.

Бұл үшін геоботаникалық зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде қарағай егуге жарамды жерлер анықталады. 4-ші мамырда басталған ағаш отырғызу акциясы аяғына жетуге жақын. Биыл өңірде 80 гектар жерге 376 мың түп қарағай егу керек болатын.

Наталья Евсюкова, “Соколовская” орман шаруашылығының инженері:

– Бүгінге дейін 71 гектар жерге өскіндерді отырғызып үлгердік. Тек жоспар бойынша егіп қана қоймай, соңғы 5 жылда ормандарды толықтыру жұмыстарын жүргізудеміз. Биыл қосымша 100 гектар жерге өскін ектік. Былтыр 75 гектар жерге ағаш отырғызған болатынбыз. Оны жыл сайын арттырып отырамыз.

Ал, келесі жылы көктемде тағы 85 гектар жерге ағаш егіледі деген жоспар бар. Осылайша Солтүстік Қазақстандағы сиреп қалған ормандар біртіндеп қалпына келтірілмек.

 

Акбопе Танирберген