МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық мұсылмандар тасқыннан зардап шеккендерге көмектесуде

Ержігіт Мәлік – студент:

– Қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Тасқыннан зардап шеккендерге шамамыз келгенше қол ұшын созуды ниет етіп отырмыз.

“Көмек керуені” атты акцияны мұсылман жамағаты Ақмола облысындағы тасқын кезінде бастаған. Көмек қолын да сол жақтағы жұртқа созуды жоспарлапты. Бірақ, табиғи апат өз өңірімізде де орын алғандықтан, жаны жайсаң мейірімді жандар теріскейліктердің қайғыларына ортақтасты. Гуманитарлық көмек көрсетуге облыстық мешіттен бастап аудан мен ауылдағылар да ат салысып жатыр.

Кенжетай қажы Дүйсенбай – СҚО “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Мешітке келетін 8 диаспора бар. Сол өкілдердің басын қосып көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Шамамен 2,5 млн теңгенің гуманитарлық көмегін жинадық.

Айта кету қажет, “Қызылжар” орталық мешіті бұл акцияны ары қарай жалғастыруда. Алда әлі қасиетті Рамазан айы бар. Осы діни мейрамда қол ұшын созатын жандардың қатары арта түседі дейді дін өкілдері. Сондай-ақ, Петропавлда мамырдың 17-і күні “Өнер қырандары” театрының концерті өтеді. Содан түскен қаражат тасқыннан зардап шеккендердің арнайы есеп шотына аударылады. Бұл шамамен 350 мың теңге. Бүгінгі гуманитарлық көмек артылған жүк көлігі қалалық мәдениет үйіне жөнелтілді. Сол жақта барлығын тізімге алып, зардап шеккендерге тең бөліп береді.

 

Риат Шони