Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан азаматтары маусымның 30 дейін емдеу ұйымдарына барып өз статусын анықтау қажет

Сәбира Даирова – №3 қалалық емхана бас дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы:

– Өз мәртебесін анықтаған адамға біз мемлекет кепілдендірген екі түрлі пакетті ұсына аламыз. Демек, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті, амбулаториялық-емханалық көмек тегін көрсетіледі.

№3 қалалық емхана әкімшілігінің сөзінше, тұрғындардың белсенділігі төмен. Сондықтан дәрігерлер үй-үйді аралап жүр.

Владимир Безлер – облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Уақытында өз статусын анықтамаған тұлғалар, келешекте мемлекет ұсынып отырған жеңілдіктерден қағылады. Яғни, оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметтер ақылы болады.

Осы тұста айта кетейік, кейбір медициналық қызмет түрлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілмеді.

Сәбира Даирова – №3 қалалық емхананың бас дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы:

– Тісті жөндеу, жасанды тіс салдыру, санаториялық-курорттық емдеу қызметтері сақтандыру жүйесіне енгізілмеген. Азаматтар бұл қызмет түрлеріне өз қалтасынан ақша төлейді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы барлық мәліметтерді ҒМS.KZ сайтынан немесе кол орталыққа (8 8000 808 103) қоңырау шалып біле аласыз.

Берік Қасен