Спорт

Шағын футболдан қалалық турнирге алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балалар қатыстырылды

Арсен Ержан – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Біз мүмкіндігі шектеулі балаларды шететпейміз. Олармен дос болуға дайынбыз.

Қалалық мектептердің оқушылары осыған дейін мүмкіндігі шектеулі балалармен бірде-бір рет футбол ойнап көрмеген. Қалалық турнирді тұңғыш рет облыстық футбол федерациясы өткізді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, осы тектес кездесулер мүмкіндігі шектеулі балардың өзін өзгелермен тең санап, әлеуметке тез бейімделуіне сеп болады.

Азамат Медетов – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

– Біз мектептен тысқары жерлерге түрлі спорттық жарыстарға шығып көрмедік. Бүгін құлағы еститін, құрдас балалармен танысып, бір алаңда футбол ойнап жатқаныма қуаныштымын. Біздің құрама осы турнирге тыңғылықты дайындалды. Жеңісті қолдан бермеуге тырысамыз.

Бұл турнир «Балаларды қорғау күні» мерекесі қарсаңында өткізілуде. Алаңда барлығы 6 құрама қарымта кездесу өткізді. Сайыстың ақтық кезеңінің қорытындысы бойынша жүлдері орындарды Назарбаев зияткерлік мектебі, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясы және Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернаты алды. Соңғы аталған білім беру мекемесінде 150-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала оқиды. 50 пайызы ауылды жерлерден келгендер.

Берік Қасен