Балалар

Петропавлда “Ақпараттық шатыр” акциясы бастау алды

Бүгінгі акцияға Мадина Сапарова да қатысып отыр. Бойжеткен Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің 2-ші курсында оқиды. Ол болашақ – экономист. Оның таңдауы нөмірі 44-ші билетке түсті. Қағазда отбасы құруды ойластыру жайлы сұрақ жазылған. Сауалға жерлесіміз мүдірмей жауап берді.

Мадина мұндай акциялардың жастар үшін пайдасы зор екендігін айтады.

Мадина Сапарова – Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің студенті:

– Қазіргі таңда некелесетін жандар үйленбес бұрын бір-бірін сыйлау керек. Біраз уақыт араласып барып, шаңырау көтерулері тиісті.

Колледждегі жарты сағаттық үзіліс ішінде 30-ға жуық студент өз мүмкіндіктерін байқап көрді. Оларға темекі мен алкоголдің ағзаға келтіретін зияны, жыныстық жолымен берілетін инфекциялар сынды сұрақтар қойылды. Дұрыс жауап бергендерге түрлі тәттілер үлестірілді. Жалпы, былтыр Ақпараттық шатыр” акциясы қаламыздың 2 колледжінде өтіпті. Оған 200-ден аса жас қатысқан.

Карина Искакова – “СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы” ЖШС психологы:

– Өткен жылы біз дәл осы колледжде бүгінгі тақырып төңірегінде дәріс өткізгенбіз. Енді, студенттердің білімдерін тексеруге келдік. Жастар денсаулыққа қауіп келтіретін жолдарды міндетті түрде білулері керек. Былтыр ұйымдастырылған шарада ұл-қыздардың 95 пайызы сауалдарға дұрыс жауап берген болатын. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Мұндай акция қаламызда әлі жалғаспақ.

Акция соңында “СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы” серіктестігі мамандары да жастардың қойған сұрақтарына жауап беріп, арнайы кітапшаларды сыйлады.

 

Култанов Байболат