МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдікте кезекті аппараттық жиын өтті

170 солтүстікқазақстандық Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне, 268 жігіт қарулы күштер қатарына, тағы 200-ден астам жерлесіміз Ұлттық Ұлан қатарын толықтырады. Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Еркінбек Байболов аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа дүйсенбілік жиында баян етті.

Еркінбек Байболов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Қазір біз көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының 50 пайыз орындадық. Ұлттық Ұланға сарбаздарды қабылдау жалғастырылуда. Мамыр мен маусым айларында әскерге 252-ге жуық болашақ сарбаздарды жөнелтуге дайынбыз.

Бұдан соң, мінберге облыстық статистика департаментінің басшысы Марал Нұржаупова шығып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Солтүстік Қазақстан инвестиция салу мен тауар айналымы бойынша екінші орынға, ал өнеркәсіп саласында өңіріміз 4-ші орынға тұрақтаған. Бұл жақсы көрсеткіш, әрине. Ауыл шаруашылығы бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Солтүстік Қазақстан облысы елімізге ауыл шаруашылығымен танымал. Бірақ ағымдағы жылдың 4 айындағы көрсеткіш мүлдем көңіл көншітпейді. Бұл салада біз 9-шы орындамыз. Тіпті, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, биылғы нәтиже төмендеген. Оның ішінде ет, сүт және жұмыртқа шығару да бар. Әсіресе аудандарда.

Тайынша ауданы өңір бойынша 77,4 пайызбен ең төмен көрсеткішке ие болып, облысымызды артқа тартуда. Жұмыртқа шығару былтырғыға қарағанда 60 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, бұл салада Айыртау ауданы да артта келеді. Осы ретте аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, ауыл шаруашығы саласындағы көрсеткіштерді көтеруді тапсырды.

Бұдан бөлек, облыс әкімі солтүстікқазақстандықтардың жалақысын жоғарылату керектігін айтты. Өйткені, өңіріміз республика бойынша көшті ең соңынан бірінші болып бастап тұр. Орташа есеппен жерлестеріміз 93 мың 909 теңге жалақы алады. Бұл республикалық көрсеткіш бойынша 33 пайызға аз. Мәселен, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов ауданындарында тіпті еңбеккерлердің айлық ақысы өткен жылмен салыстырғанда біразға төмендеген. Оның себебін аймақ басшысы аудан әкімдерінен видебайланыс арқылы сұрап біліп, оларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Барлық аудан әкімдері аталған бағытта жұмыс жасауы керек. Өйткені бұл маңызды мәселелердің бірі. Біздің азаматтар республика бойынша ең төменгі жалақыны алады. Яғни, бұл – біздің жұмысымыздың көрсеткіші болып отыр. Алдағы уақытта жерлестеріміздің жалақысын салықтардың есебінен көтеруіміз керек.

Жиын соңында аймақ басшысы көктемгі су тасқыны мәселесін де көтерді. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бүгінде өңірдегі су деңгейі 13 см-ге дейін төмендеген. Бірақ әлі де 100-ге тарта баспана ылғал астында жатыр. Оның 70-і облыс орталығының Былғары зауыты ауданында. Бұл ретте өңір жетекшісі табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға қолғабыс етіп, сенбіліктер ұйымдастыруды тапсырды.

 

Айгерим Ержанова