Мәдениет

Облыс орталығында Есіл ауданының мәдениет күндері өтті

Мәселен, мына бұрышта аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің көрмесі жайғастырылған. Сөреге қойылған кітаптар мен туындылардан Есілдік белгілі тұлғалар жайында деректермен танысуға болады. Мүтәләп Қанғожин, Есләм Зікібаевтің жеке заттары мен туындылары, өлкетанушы Михаил Гончаревтің әр түрлі жанрдағы жұмыстары да осында.

Мәуия Ахметжанова – Есіл ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, Есіл ауданы:

– Біз өзіміздің жерлестерімізді мақтан тұтамыз. Қандай ақын-жазушы болмасын, шығармаларын алдымен туған жеріне арнайды.

Ұйымдастырылған көрмелер Қызылжарлықтардың көңілінен шығуда. Бірін мұражай экспонаттары қызықтырса, бірінің көңілі Есілдік суретші Вячеслав Смирновтың туындыларына ауған.

Майра Жүкенова – қала тұрғыны:

– Бүгінгі мәдениет күндерінің өтіп жатқанына дән ризамын. Себебі бұл жерде Есіл Ауданы тарихы, табиғаты, тарихи тұлғаларымен танысуға болады. Мектепте оқыған ақын, жазушылардың еңбектерін тағы бір мәрте шолып шықтық.

Ұлттық киім, қалта, дорба мен өрнектелген құрақ көрпелер. Бұл шебер Айсұлу Есманованың жұмыстары. Нәзікжанды өз хоббиін бүгінде кәсіп қылып дөңгелетіп отыр. Жалпы қолөнерге ден қойғанына 8 жылдай уақыт болыпты.

Айсұлу Есманова – қолөнерші, Есіл ауданы:

– Ең басында ұлттық киімдерден бастадым. Кейін оны әрі қарай дамыттым. Қазақ өнерін нақышына келтіретін бұйымдар жасағым келді. Қазір құрақ көрпе, тойбастар, дорба мен қалта да тігемін.

Есілдіктер қала тұрғындары үшін концерттік бағдарлама да дайындаған. “Болашақты бірге жасаймыз” шарасына қала тұрғындары көптеп жиылуда. Концерт шымылдығын алғаш болып Есіл ауданының жас дарындары ашты. Оларды “Есіл әуендері” қазақ ұлттық аспаптар оркестрі жалғастырды. Өнер ұжымы Құрманғазының “Қызыл қайың серпер” күйін орындап, көрермендерді тәнті етті.

 

Эльмира Садвокасова