Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Талғат Мұхитдин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Биыл мен оқуымды тәмамдап дипломымды қолға аламын. Бүгінгі жәрмеңкеде өзіме лайықты жұмыс іздеп жүрмін.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне студенттер көптеп келді. Олар әр мекеме мен кәсіпорынның тиімді ұсыныстарын қарап, қағазға түртіп алуда. Бүгінгі шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті де қатысып отыр. Бұл мекеме ай сайын өңірде мониторинг жүргізіп, керекті мамандарды іздестіреді.

Динара Әлдименова – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Жүргізілген мониторинг бойынша жергілікті атқарушы органдарға 202, аумақтық мемлекеттік органдарға 134 бос орын қарасытырылып отыр. Оларға қойылатын талаптар әр түрлі.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі университет қабырғасында дәстүрлі түрде оқу жылының аяғында ұйымдастырылады. Бұның арқасында білімін тәмамдайтындар да уақыттарын үнемдейді. Биыл мұнда күндізгі бөлімдегі 590 түлек қолына дипломын алмақ.

Айдос Мұқатаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры:

– Бітіретін 590 студенттің 226 жұмыс орнын тауып отыр. Қалған 49 пайызын бүгінгі жәрмеңке мен түрлі шаралар арқылы орналастыратын боламыз.

Жалпы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша республикада 3-ші орында тұр.

 

Риат Шони