МТРА жаңалықтары

Су тасқыны кезінде тұрғындарға көмек қолын созған құтқарушылар марапатталды

Олар су тасқыны кезінде адамдарды қауіпіз жерге көшірді. Тіпті, жерлестерімізге медициналық көмекке дейін көрсетіпті. Теріскейде орын алған табиғи тасқынға бей-жай қарап қалмай, қолғабыс білдірген мамандарға облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев алғысын білдірді.

Антон Федяев – облыстық көктемгі су тасқынына қарсы штабтың жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары:

– Сіздердің арқаларыңызда көп жұмыс атқарылды. Жалпы, төтенше жағдай кезінде құтқарушылар 1000-нан аса адамды эвакуациялады. Тағы, 700-ден аса малды қауіпсіз жерге көшірді. Сонымен қатар, мамандар 3 жарым шақырым дамбы салуға да көмектесті. Осы көмектеріңіз үшін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атымнан алғыс айтамын.

Күн-түн демей қызмет кеткен құтқарушылардың еңбегі елеусіз қалмақ емес. Ерекше көзге түскен 20 маман алғыс хаттарға ие болды.

Іс-шарада Республикалық жедел-құтқару жасағының жігіттері де марапатталды. Алматы қаласынан келген құтқарушылар тасқын зардабы мол тиген Былғары зауыты ауданында жұмыс істепті. Айта кетейік, олар бізге дейін үйлерін су басқан Қызылорда және Атбасар қаласындағы тұрғындарға көмектесен. Енді, оңтүстік астаналық құтқарушылар 2 айдан соң үйлеріне оралғалы отыр.

Бауыржан Керімбаев – Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы, Алматы қаласы:

– Алғашқы екі тәулікте мүлде ұйықтаған жоқпыз. Тұрғындарға көмектестік.

Естеріңізге сала кетейік, тасқын өңірдегі 380 үйге кірген болатын. Қазіргі уақытта су сору жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін теріскейге еліміздің әр тарапынан жіберілген мынандай қуаты күшті мотопомпалар қолданылатын болады.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

 

– Мемлекеттік материалдық резервтен біздің облысқа 10 мотопомпа бөлінді. Олардың 4-еуі келді, 6-ы жолды.

Осы күні табиғи апат төндірген қауіп бұлты сейілді деуге толық негіз бар. Өйткені, су деңгейі күн сайын төмен түсуде.

Байболат Құлтанов