Денсаулық сақтау

Солтүстікқазақстандық мейірбикелер кәсіби мерекелерін тойлауда

Мына бір топ қыз-келіншектер М.Жұмабаев аудандық орталық ауруханасының мейірбикелері. Бүгінгі шараға олар әріптестері жайлы көріністен үзіндіні сахналамақ. Махаббат Құрмашеваның медицина саласына келгеніне бір жыл толыпты. Бірақ аз уақыттың ішінде ол қызығы мен шыжығы мол мейірбике мамандығын сүйіп, біраз тәжірибе жинапты.

Махаббат Құрмашева – М.Жұмабаев аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі:

– Аудандық ауруханаға жұмысқа тұрғаныма бір жыл болды. Мен балалар бөлімінде істеймін. Сондықтан мен кішкентай емделушілеріммен тез тіл табыса аламын. Дегенмен, әр мамандықтың өз қиындығы бар ғой.

Ал Ольга Садоваяның ақ халат кигеніне 30 жылдан асыпты. Қазір ол Аққайың аудандық орталық ауруханасында қызмет етуде. Биыл нәзікжанды мінсіз адал еңбегі үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ольга Садовая – Аққайың аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі:

– Егер де менің алдымда тағы да мамандық таңдау тұрса, мен ойланбастан бірден мейірбике болуды қалар едім. Өйткені, өз жұмысым ұнайды. Әрине, қиындықтар болады ғой. Бүгін еңбегім еленіп, марапатқа ие болдым. Қуанышымда шек жоқ.

Өңірімізде мейірбикелерді дайындайтын жалғыз оқу орны бар. Ол облыс орталығындағы СҚ медицина колледжі. Бұл мекемеде студенттер 6 мамандық бойынша білім алады. Оның ішінде стоматолог, фельдшер мен акушер де бар. Бақытжан Сәрсенова мейірбике ісі пәнін береді екен. Биыл ол денсаулық сақтау министрінің алғыс хатын алыпты.

Бақытжан Сәрсенова – СҚ медицина колледжінің оқытушысы:

 

– 11 жыл болды осы колледжде оқытушы болғаныма. Бұл уақыт аралығында мұннан жүздеген студент түлеп ұшты. Мен оларға мейірбике ісі пәнін оқыттым. Мамандықтарының маңыздылығын түсіндірдім.

Жалпы 86 жыл ішінде колледжден 21 мыңнан астам маман қанат қақан. Ал қазір мұнда 1 мыңнан астам студент білім алуда.

Айгерім Ержанова