Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамлют ауданындағы “СТАН” ЖШС бір жұмадан соң жерге ырыс дәнін сіңірмек

Байболат Құлтанов, тілші:

– Бұл – Мамлют ауданына қарасты “СТАН” серіктестігінің егістік алқабы. Танап басында кәсіпорынның мамандары 1-ші мамырдан бастап жұмыс істеуде. Олар бірінші жерге минералды тыңайтқыш сепкен, кейін ылғал тоқтатыпты. Қазір бораналап жатыр. Бұдан соң олар көктемгі дала жұмыстарына кіріспек.

“СТАН” серіктестігінің диқандары енді бір жұмадан соң жерге ырыс дәнін сіңірмек. Биыл шаруа қожалығы 4 жарым мың гектар алқапқа егін себуді жоспарлап отыр. Оның басым бөлігі – бидай. Яғни, 3 мыңнан аса гектар аумаққа Омбы-35 және 36 сұрыпты астық сіңірілетін болады. Қалған егіс даласында зығыр мен бұршақты дақылдар өсірілмек. Көктемгі дала жұмыстарына кіріспес бұрын агроқұрылым мемлекет қолдауына жүгінген. Кәсіпорын директоры Қанат Бекенов “Кең дала” бағдарламасы аясында 50 млн теңге рәсімдепті. Бұл қаражат серіктестікке көп көмек болған екен.

Қанат Бекенов – “СТАН” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Несиенің пайыздың мөлшерлемесі 2 пайыз. Қаржыны 1-ші желтоқсанға дейін қайтару қажет. Мемлекет қолдауының арқасында жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар алдық.

Өткен жыл агроқұрылым үшін табысты болды. Орақ науқанында жер емген диқандар танап басында күндіз-түні тер төгіп көл-көсір астық жинапты. Биыл да берекелі бидайды қамбаға құямыз деп отыр.

Рүстем Нағұманов – “СТАН” ЖШС бас агрономы, Мамлют ауданы:

– Былтыр гектарына 17 центнерден астық жидық. Оны химиялық тыңайтшықтармен дәріледік. Соның арқасында бидайды түрлі аурулардан аман сақтап қалдық.

Осы жылы “СТАН” серіктестігі алғаш рет 100 гектар алқапқа күнбағыс екпек. Ол үшін жуырда құны 5 млн теңгеден асатын себу кешенін сатып алыныпты. Францияда жасалған заманауи техниканың қауқары күшті.

Қанат Бекенов – “СТАН” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Бұл кешен дәнді арнайы норма бойынша себеді. Тереңдікті, ара қашықтықты барлығын есептейді.

Агроқұрылымның техинкалық паркі жылда жаңарады. Биыл шаруашылық 10 ресейлік егін себу кешенін сатып алыпты. Тағы, бірнеше машинаға қозғалтқыш әкелініпті. Мұның бәріне 40 млн теңгеден аса қаржы жұмсалған. Айта кетейік, көктемгі дала жұмыстарына серіктестіктің 50-ден аса жұмысшысы қатыспақ. Олардың орташа айлық жалақылары 80 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, қожалық мал шаруашылығымен де айналысып отыр. Осыдан 4 жыл бұрын Қанат Бекенов “Сыбаға” бағдарламасы аясында 90 бас ірі қара алған. Оларды ангус тұқымды бұқалармен будандастырыпты. Бүгінде малдың саны 400-ге жетіп отыр.

 

Байболат Құлтанов