Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұр Отан” партиясы СҚОФ-ның төрағасы Құмар Ақсақалов тұрғындарды қабылдады

Сергей Тимофеев – “Основание” ЖШС директоры:

– Соңғы кездері бұл мерзімдер қысқара бастады. Соның кесірінен құрылыс сапасыз болады. Қыста жұмыс істеу өте қиын. Үй салғанда оның ішкі әрлеулері бар. Атқаратын іс бастан асарлық.

Бұл сұрақ заңнамалық тұрғыда шешілуі тиіс. Құрылыс басқармасы министрлікке өтінішті де беріпті. Бірақ, ол жақтағылар тек “қарастырамыз”-бен шектелген. Енді бұл сұрақты Құмар Ақсақалов жеке бақылауына алып, күрмеуін тарқататындығын жеткізді. Сондай-ақ, қаланың сәулетіне көңілі толмайтындығын айтты.

Құмар Ақсақалов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Қаңырап бос қалған өнеркәсіптік бір нысандардың жанымен келе жатсаң жап-жаңа салынған көпқабатты тұрғын үй пайда бола қалады. Неге бұл жерге салынды? Себебі, бос орын бар. Дұрыс жобаланбаған. Жөнсіз сала берген. Негізі барлығы бір кешенде болуы керек. Сол себепті, бұл бағытта әлі біраз жұмыс атқарамыз. Келер жылы Береке шағын ауданын күрделі аббаттандыруды жоспарлап отырмыз.

Бұдан соң өз базынасын арқалап Александр Ещанов жолықты. Кәсіпкер гиперпрестелген ЛЕГО қаптама кірпіш шығарумен айналысады. Тәулігіне 30 мың дана өндіре алады. Кәсіпкер бизнесін кеңейтуді көздеп отыр. Сол себепті, өнімін “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша тұрғын үйлердің құрылысына пайдалануды сұрап отыр. Бұл жобада типтік кірпіштер қолданылады. Оның үстіне өндіріс жылына 30 млн тауарды құрау керек. Сол себепті, кәспікерге жеке тұрғын үйлердің құрылысына қатысуға кеңес берілді.

Өңірде сапасы сын көтермейтін жолдар бар. Бұл туралы Мамлют ауданына қарасты Леденево елді мекенінің тұрғыны Күләш Мәженова баяндады. 2014-ші жылы аудандық маңызға ие Воскресеновка-Леденево-Боголюбово-Надежда бағытындағы тас жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның сомасы 111,95 млн теңгені құрапты. Алайда, бүгінде оның сиқы жоқ.

Күләш Мәженова – Леденево селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бір айдан соң ол жол жарамсыз болды. Кепілдік мерзімі бар кезде барлық жауапты органдарға шағымдандым. Бірақ, жалғыздың үні шықпайды ғой. Құлақ асқан ешкім жоқ. Ал ол жол біздің, халықтан түскен салыққа жөнделді.

Құмар Ақсақалов бұндай мәселелермен партиялық бақылау айналысу керектігін айтты. Бұл сұрақты шешуді “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұловқа міндеттеді.

Құмар Ақсақалов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Біздің шенеуніктер не себепті бұндай былықтарға жол береді? Мердігер компаниялар өздері атқарған жұмыстарға жауапты. Егер де бір олқылықтары шықса, өз қаражаттарына қайта қалыпқа келтірулері керек. Бөлінген қаржыны үнемдеп қалады да, істі сапасыз орындайды. Бұл мәселені өз бақылауыңызға алып, шешімін табыңыздар. Қажет болса прокуратураға да жүгініңіздер.

Қабылдауда болған жерлестеміздің дені таза ауыз су, баспана мәселелері бойынша жүгініп, тұшымды жауап естіді. Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов партиялықтарға халыққа берген уәдені сөзбен емес, іспен де орындау керек екенін қадап айтты.

Құмар Ақсақалов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Партия әр кезде де халықтың мүддесін қорғауы керек. Бастысы сайлауалды платформаның орындалуын бақылауға міндетті. Біз халыққа сұрақтарын шешеміз деп уәдесін береміз, ол орындалуы керек. Бұл жұмыс ай сайын қатаң қадағалансын.

Жалпы бұл күні қабылдауға 9 теріскейлік келді.

 

Риат Шони