Балалар

Петропавлда балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруі өтеді

Жанна Темірбаева – шерудің қоюшы-режиссері:

– Біз театр алаңынан бастап Бөкетов көшесімен жүріп өтеміз. Кейін Конституция көшесінде Тәуелсіздік стелласына дейін барамыз. Шеруге қатысатындардың жастары 10-нан басталады. Сондай-ақ, классика жанрындағы 10 туындыны орындап өтеміз.

Балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруіне домбырада, үрмелі аспаптарда ойнайтындар мен қатар бишілер де қатысады. Бүгінде бұндай үйірмелер облыстағы әр оқу ордасында бар.

Ерсұлтан Оспанов – Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Менің домбырада ойнап жүргенімен 5 жыл болды. Бұл шеруге біздің мектептен 100 адам қатысады.

Сағыныш Еркенқызы – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Маған бұл шараға қатысқан ұнайды. Өйткені қазақтың ұлттық аспабын қолда ұстап, киімін киіп халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлаймын.

Жалпы балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруі еліміздің әр қаласында өтеді. Бұл республикалық акция алғаш рет ұйымдастырылуда.

Әзілхан Алдабергенов – ҚР Білім және ғылым министрлігінің бөлім басшысы:

– Аталмыш шара еліміздің тәуелсіздік алуымызбен, әскери-патриоттық сезіммен тығыз байланысты. Сол себепті, тек оқу ордалары ғана емес, сонымен қатар өзге де ұйымдар бұны қолдаса деген ниеттемін. Шерудің мақсаты балалар мен жастардың музыкалық мәдениетінің деңгейін арттыру болып табылады.

Бұл шеру маусымның 1-і күні – Халықаралық балалырды қорғау күнінде өтеді. Оған 1600-ге жуық петропавлдық жас қатыспақ. Аталмыш шара әр өңірде сағат таңғы 11-де бір мезетте басталады деп жоспарланған.

 

Риат Шони