МТРА жаңалықтары

Қызылжар аудандық “Мерей” өнер мектебінің ұл-қыздары жарады

Дильяра Серік – “Сәлем, Астана” республикалық байқауының жүлдегері:

– Мен 7 жасымнан пианинода ойнаймын. Үйде әкем гитарада ойнайтын. Өзіме бұл музыкалық аспап ұнайды.

Тағы, “Мерей” мектебінде бейнелеу өнері де жақсы дамыған. Қылқалам шеберлерінің мына туындылары кез келген адамды таң қалдырары анық. Бұл жұмыстардың барлығы Алматы қаласында өткен халықаралық байқауда ұсынылған. Олардың барлығы да үздіктер қатарынан көрінген.
Ал, Аружан Баранкулованың сәндік-қолданбалы өнер аталымында бағы жанды. Жасөспірім сайысқа өзі матадан тіккен қуыршағы мен кенгуруын апарыпты. Жас шебердің еңбегі жоғары бағаға ие болып, 2 дәрежелі лаурет атанып отыр.

Аружан Баранкулова – “Манящие лики гор” халықаралық байқауының 2 орын иегері:

– Өзіме тігін ісі ұнайды. Мынау туындыларды 1 айдын ішінде әзірледім. Болашақта бұдан да жақсы қуыршақтарды тікпекпін.

Ал, баяншы Алена Ракова эстрадалық “Gold accordion” атты байқаудан 2-ші орынмен оралды. Ол елордада өткен жарыста аргентиналық тангоны нақышына келтіре орындап, жұртшылықты таң қалдырған екен.

Жалпы, бүгінде “Мерей” өнер мектебінде 4 бөлім бар. Таланты жерлестеріміз аспапта ойнау, хореграфия, сурет салу және вокал сыныптарында шеберліктерін шыңдауда. Жуырда мұнда жас домбырашы қыздардың “Балауса” ансамблі құрылыпты. Ұлттық өнерді дәріптейтін бұрымдылар қазірдің өзінде ауданда өтетін мерекелік іс-шаралардың басы қасында жүр. Жалпы, “Мерей” өнер мектебіне ұл-қыздар кішкентай жасынан қабылданады екен.

Әлия Сеңкібаева – “Мерей” өнер мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Қазір біздің мектепте 270 бала оқуда. Оларға 20 мұғалім сабақ береді. Оқушыларды 5 жастан қабылдаймыз.

Айта кетейік, бүгінгі таңда “Мерей” өнер мектебінің Қызылжар ауданында 2 бірдей филиалы бар. Олар Якорь және Соколовка селоларында орналасқан. Онда қазір балғындар хореография және фортепиано сыныптарында тәлім алуда.

 

Култанов Байболат