Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте аппараттық жиын өтті

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Тәжірбиелі маман ретінде облыстың денсаулық сақтау саласында қордаланған көптеген мәселелерді шешеді деген ойдамын. Сондықтан сізді жаңа қызметіңізбен құттықтап, сәттілік тілеймін.

Кейін жиын күн тәртібі бойынша жалғасты. Алғашқы болып ағымдағы жылдың 4 айындағы бюджеттің шығыс және кіріс бөлігінің орындалуы қарастырылды. Айта кету керек, бұл көрсеткіштер бойынша өңіріміз республикада 7-ші орынға тұрақтаған.

Ескен Әкімжанов – СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Төрт айдың мәселесі бойынша біздің жергілікті бюджеттің түсімі – 121 пайызды құрады. Былтырғы жылғымен салыстырғанда өсім бар. Шығыс жағынан 98.6 пайыз болып отыр. Оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттер бар. Мемлекеттік сатып алулар кезінде үнемдеу, уақытылы берілмей графиктен қалып қойғаны бар.

Ал бюджеттің кіріс бөлігін орындау бойынша оң көрсеткіштер байқалып отыр. Бірақ бұл нәтижеге тоқмейілсуге болмайды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Осы уақыт аралығында бюджетке 9 млрд 535 млн теңге түсуі тиіс болатын. Бірақ біз жоспарды асыра орындап, 11 млрд 598 млн теңге қаржы жинадық. Сонда түскен табыс 2 млрд теңгеден асып жығылады. Аудандар бойынша да өсім қамтамасыз етіліпті. Бұл әрине жақсы жұмыс жүргізудің нәтижесі деп білемін. Бірақ алда әлі тындырар шаруа бастан асады. Сондықтан осы қарқыннан таймау керекпіз.

Осы ретте тағы айта кету керек, көптеген құрылыс және жол жөндеуші компаниялар млрд-тап қаржы тапқанымен, мемлекетке мардымсыз салық түсіреді екен. Бұл мәселені бір жолға қою керек деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Тағы еңбеккерлердің жалақыларын артыру тапсырылды. Бұдан соң, білім саласындағы өзгерістер жайы талқыланды. Биыл орта білім жөніндегі аттестат алу және жоғарғы оқу орындарына түсу өзгертілген форматқа сай жүргізіледі. Жалпы 25-ші мамырда алтын ұя мектептерімен 3 мың 630 оқушы қоштасатын болады.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Мектептердегі бітіру емтихандары 29-шы мамыр мен 9-шы маусым, ал аттестаттарға 12 маусым аралығында жүргізіледі. ҰБТ облысымызда маусымның 20-сы мен 1-ші шілде аралығында жүргізіледі. Бүгінгі күні ҰБТ-ға қатысушылар базасы жасалуда. Қазір ол 60,1 пайызға дайын. 10-шы мамырда ол база жабылып, тізім жасақталады. Мектеп қабырғасында тапсырылатын емтихандар саны – 5. Оның 4-уі міндетті және 1-уі таңдауы бойынша.

Соңғы уақытта мектеп бітіруші түлектер саны жалдан-жылға азайып бара жатыр. Осы сауалды реттеу керек деген аймақ басшысы тағы ҰБТ мәселесін ерекше назарда ұстау керектігін тапсырды. Ал мамырдың 12-сі республикада бірыңғай ата-аналар жиналысы өтеді. Осы шараға солтүстікқазақстандықтар белсенді қатысуы тиіс.

 

Магжан Ахмадина