МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданында сауда және өндіріс нысандары ашылуда

Оған сұраныс болмағандықтан сауда нарығындағы жағдайды қайта зерттеп дүкендерін құрылыс материалдарымен толтырыпты. Содан бері кәсібі өрге домалап, тұрақты клиенттері пайда болған. Уақыт өте келе тапсырыстар саны ұлғайып, кішкентей дүкендеріне құрылыс материалдары сыймайтын болған. Содан іскер азаматтар мемлекеттен қарызға арзан несие алып, биыл үлкен сауда үйін тұрғызды.

Айгүл Қожасова – жеке кәсіпкер, Айыртау ауданы:

– “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында 20 млн теңге несие алдым. 17 млн теңгесі айналым қаражатын толықтыруға, қалған қаражат ішкі инженерлік-коммуникацияларды тартуға жұмсалды.

Бүгінде Айыртау ауданының экономикасы дамып, халықтың тұрмысы оңала бастаған. Жаз мезгілі келісімен жерлестеріміз үйлерінің іші-сыртын жаңалауға кіріседі. Сәйкесінше, қазір сауданың нағыз қызатын шағы. Сауда үйінің ішінде шегеден бастап үйлер мен ғимараттардың ішкі, сыртқы құрылыс жұмыстарына арналған материалдардың сан алуан түрі бар. Құрылыс материалдарының 20 пайызы отандық. Қалғаны Ресейден тасылады. Адамдар керегін таңдап жүріп ала алады. Бұдан бөлек қымбат материалды алысқа ұзамай-ақ осы жерден несиеге ресімдеу қарастырылған. Айыртау ауданының көп тұрғыны материалдардың бағасы қолжетімді болғандықтан қажетті дүниелерді осынан аламыз дейді.

– Дүкеннің ассортименті күшті. Таңдап жүріп ала бересің. Тауарлардың бағасын көріп жүрмін, қолжетімді екен.

– Бірлестік ауылынан келдім. Үй салып жатырмын. Оған қажетті құрылыс материалдарын енді осы жерденалатын болдым.

Биыл кәсібін кеңейткен бизнесмендер 14 қызметкерінің қатарын 6 жұмысшымен толықтырды. Әсел Тілеукенова тұтынушыларға тауарды таңдауға көмектеседі. Тұрмыстағы келіншек жұбайына қолғабыс ету үшін жұмысқа орналасыпты.

Әсел Тілеукенова – “Қожасова” ЖК сатушы-консультанты, Айыртау ауданы:

– Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақысына да көңілім толады. Балаларым балабақшаға барады. Қаражат жағынан жолдасыма қолғабыс ету үшін жалақысы мардымды жұмысқа орналастым.

Айыртау ауданында біртіндеп тағам өнеркәсібі дамып келеді. Биыл сәуір айында Имантау ауылында аспаздық жартылай фабрикаттар шығаратын цех іске қосылды. Жергілікті 3 тұрғынға тұрақты жұмыс табылды. Келіншектер заманауи құрылғылардың көмегімен ет тартып, одан котлеттер мен басқа да тағам түрлерін әзірлейді. Ирина Васильева қырыққабат жапырағына ет орап жатыр.

Ирина Васильева – «Кузахметов» ЖК жұмысшысы, Айыртау ауданы:

– Әзірше біз тефтели, котлет, кәуап, тұшпара сынды 7 түрлі аспаздық жартылай фабрикаттар әзірлейміз. Болашақта тағам ассортиментін көбейтеміз. Сапасына да аса көңіл бөлеміз. Қазірдің өзінде қолымыздан шыққан өнім тұтынушыларға ұнап жатыр. Сұраныс жақсы.

Жартылай фабрикаттар тоңазытқыштар мен мұздатқыштарда көпке дейін жатпайды. Өнімдерді жақын маңдағы ауылдардағы дүкендерге жөнелтіледі. Күніне бұл цехта 60 келіге дейін өнім шығарылады. Өндіріс нысанын кәсіпкер өз қаражатына тұрғызыпты. Бұдан өзге «Кузахметов» ЖК-інің Имантау ауылында кондитер цехы, гүлдер өсіретін жылыжайы, дәмханасы мен өз наубайханасы бар. Осылайша, кәсіпкер 40 адам тұрақты жұмыс беріп, аудан қазынасына салық төлеуде. Наубайханада 10 адам жұмыс істейді. Наубайханашылар күніне 1 500 бөлке нан, батондар мен түрлі печеньелер әзірлейді. Ұнды Көкшетаудан сатып алады екен. Ас атасы Имантау ауылына жақын орналасқан елді мекендерге 53 теңгеден өткізіледі.

Гүлмира Әбілқайырова – Айыртау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Жыл басынан 2 кәсіпкерлік нысаны ашылды. Ауданда жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілуде. Былтыр “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында азаматтарға жалпы сомасы 165 млн теңгенің арзан несиесі берілді. Қазір біраз жобалар қарастырылуда. Жыл соңына дейін мейлінше көп адамды тұрақты еңбекпен қамту жоспарымызда бар.

Бүгінде Имантау ауылында 2 300 адам тұрады. 50 пайызы – нәзік жандылар. Биыл тұрғындардың сұрауы бойынша ерлер мен әйелдерге арналған шаштараз ашылды.

Берік Қасен