МТРА жаңалықтары

Жеңіс саябағындағы ескерткішке гүл шоқтары қойылды

Араларында сол сұрапыл соғыста фашистерге қарсы қару кезенген ардагерлеріміз де бар. Бойынан күш қуаты кетсе де, олар отты жылдары опат болған майдандастырының рухына тағзым ету үшін келген. Солардың бірі – Қожатай Некібаев. 17 жасында елін-жерін жаудан қорғауға аттанған атамыз Украинаны жаудан азат етуге қатысқан.

Қожатай Некібаев – ҰОС ардагері:

– Батыс жаққа жөнелтті. Біздер немістерді шегіндіріп, Украинаға жеттік. Украиннаны азат етіп, сол жерде болдым.

Бір өкініштісі, Ұлы мейрамның бас қаһармандарының қатары күн санап сиреп барады. Бүгіндері өңірде 159 ҰОС ардагері бар. Көнекөз майдангерлердің бірі – Михаил Тупичкин. Бүгінде жасы 90-ға таяған қарт майдангер ұрыс даласында миналарды іздеумен айналысқан. Бейбіт күн үшін жанын шүбірекке түйген қария енді соғыс болмасын деп тілейді.

Михаил Тупичкин – ҰОС ардагері:

– Біздер қиын қыстау кезеңдерді, қауіпті басымыздан өткердік. Сондықтан ендігі тілерім, кейінгі ұрпақ соғысты көрмек түгілі, атын да естімесін. Осы бейбіт өмірде, бірлік пен татулықтың арқасында джүре берейік.

Омыраулары ерліктерінен сыр шертер орден, медальдарға толы бұл жандар сол 1941-45 жылдардағыдай бүгінде алдыңғы шепте. Тек осы жолғысының жөні бөлек, бүгін оларға ұрпақтары алғыс айтуда. Олар Жеңіс стеласына гүл шоқтарын қойып, сұм соғыста опат болған ардагерлердің рухына тағзым етті. Алғашқы гүл себеті – облыс әкімінің атынан.

Бұдан кейін қызыл қалампыр ұстаған ҰОС қатысушылары, тыл еңбеккерлері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер мен жастар легі ұзын-сонар кезек құрды. Бейбітшілік жолында шейіт болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ұмсындық Елеусізованың әкесі соғысқа қатысқан екен. 1942 жылы аттанып, бір жарым жылдан соң жараланып қайтқан Бейменді Елеусізов өзінің отты жылдардағы ерліктері жайлы балаларына көп айтқан.

Ұмсындық Елеусізова:

– Бала кезімде әкем үнемі басына өткерген қиыншылықтары туралы айтатын.

Ал мына жерде жиылған халық театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Артынша жертөледе мектеп оқушыларымен бірге әскери патриоттық әндерді шырқады.

Бүгінгі тәуелсіз ел халқының тілегі бір-ардагерлер сыйлаған бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтап еліміздің гүлденуіне атсалысу.

– Бүгінгі мейрамда қарт ардагерлермен бірге, мерекені тойлауға келдік. Жас жауынгерлер, ауған соғысының ардагерлері майдангерлерді құттықтаймыз.

– Денсаулық тілеймін. Бүгін күнің өзі жарқырап тұр. Сондықтан соғыс болмай, баянды өмір сүрейік.

Жеңіс саябағына жиылғандар ұзын сонар кезекке тұрып, өңір әскерилері әзірлеген жауынгер ботқасынан дәм татты. Ал арнайы палатканың ішінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арнап дастархан жайылды. Кейін мұнда орнатылған сахнада соғыс жылдары ұранға айналған сүйікті әндер шырқалып, ерекше бағдарлама ұйымдастырылды.

Ел басына қара бұлт үйірілгенде жауынгерлер бір ананың балаларындай Отан деген ыстық ұғыммен жігерленіп қарсы келген дұшпанға қаймықпай тойтарыс берді.

Мағжан Ахмадина- тілші:

– Ел ертеңі үшін күрескен жауынгерлерлердің батырлығы мен жанқиярлық қайсарлығы ұрпақ есінде мәңгі сақталады. Арнайы әскери дайындығы болмаса да, олар сұрапыл соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сондықтан біздер бейбіт өмір сыйлаған жандарға мәңгі қарыздармыз.

 

Магжан Ахмадина