МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар сұрапыл соғыс куәгерлерін еске алды

4 жыл бойы Отандастарымыз өз ұрпақтарына бейбіт өмір сыйлау үшін жандарын пида етіп, жау қолына қарсы тұрды. Ұлы Отан соғысы Анастасия Колмакованың да отбасын айналып өтпеді. Оның әкесі қан майданға аттанғанда нәзікжанды небәрі 10 айлық нәресте еді.

Анастасия Колмакова:

– Ұлы Отан соғысы жылдары әрбір жанұяға өз қиыншылығы мен ауыртпалығын алып келді. Кішкентай болғандықтан егжей-тегжейлі есімде қалған жоқ. Алайда, киерге киім, жеуге ас таба алмағанымыз есімде. Соғыс басталғанда барлық ер адамдар әскерге алынды, әкем мен ағам да майданға аттанды. Бүкіл соғысты өтті, әкем 1945 жылы жарақат алып, кейін елге оралды. Ал ағам Қиыр Шығысқа дейін жетті. Бүгінде оларға айтар алғысым шексіз. Қиыншылықты бастан өткеріп, жерімізді қорғап қалды.

Бұл күні 314-ші Кутузов орденді Кенгисепп атқыштар дивизиясының ереңнерлігін елемеу мүмкін емес.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Міне, 314 атқыштар дивизиясы құрметіне орнатылған ескерткіш басына гүл шоқтарын қою үшін жерлестеріміз келіп жатыр. Даңқты дивизия 1941 жылдың маусымында Петропавл қаласында құрылған. Жасақталған әскер солтүстік-батыс майданда Ленинград облысындағы 22 елді мекенді азат етуге ат салысты.

Зұлмат соғыста қаза тапқан қаһармандарды кейінгі ұрпақ өкілдері бір минут үнсіздікпен еске алды.

314 атқыштар дивизиясының сапында 10-мыңдай жауынгер болған. Олардың 75 пайызы солтүстікқазақстандықтар еді. Алайда еліне тек бір мыңға жуық сарбаз оралды. Көрсеткен өшпес ерлігі үшін екінші дәрежелі Кутузов орденімен марапатталған. Батыр жауынгерлеріміздің көрсеткен ерлігі өскелең ұрпақ үшін мәңгілік үлгі болып қала бермек.

Бағдәулет Кенже- ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

– Менің атам Ұлы Отан соғысына қатысты. Оны мақтан тұтамын. Ата-баба ерлігі мен батырлықтарын ұмытпаймыз.

Медеу Ескермес – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

– Отан алдымдағы борышымды өтеуге бірден-бір себеп – атамның ҰОС қатысуы. Бүгінде аталарымыздың арқасында бейбіт күн кешудеміз. Олардың сыйлаған бостандығын біз ұрпақтан-ұрпаққа аманат етеміз.

Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бейбіт өмір сыйлаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады.

Эльмира Сәдуақасова