МТРА жаңалықтары

“Мәңгілік полк” акциясына 10 мыңға жуық теріскейлік қатысты

Аманжол Құсайынов:

– Менің атам 1941-1945-ші жылдары соғыста болды. Атты артелерия сапында қызмет етті. Майданнан бір қолсыз келіп, 11 баланың әкесі болды. Атамды еске алып “Мәңгілік полк” акциясына 4-ші рет қатысып отырмын.

“Мәңгілік алау” мемориалдық кешенінің алдына таңсәріден жиылған халық сап құрып, шеруге аттанды.

– Ешкімде, ешқашанда ұмытылмайды. Өйткені өскелең ұрпақ ата-бабаларының көзсіз ерлігін мәңгі есінде сақтайды. Оған дәлел бүгінгі “Мәңгілік полк” шеруі. Дәл қазір қолдарына майдан даласында шейіт болған, хабар-ошарсыз кеткен және де соғыстан кейін дүниеден озған ата-бабаларының суреттерін ұстаған мыңдаған жастар Пушкин және К.Сүтішев көшелерімен жүріп өтуде.

Ұлы Жеңіске биыл 72 жыл. Ел басына күн туғанда Солтүстік Қазақстан облысынан 91 мың 5 адам атқа қонды. Олардың 33 мың 950-і елге қайтіп оралмады.

Бүгінгі шеруге Нұрлан Жанов та қатысуда. Алдыңғы қатарда келе жатқан зейнеткердің қолында әкесінің суреті. Қалиасқар Жанов соғысты басынан аяғына дейін өткен. Майдангер отты жылдардан кейін 40 жыл мұғалім болып еңбек еткен.

Нұрлан Жанов – зейнеткер:

– ҚазКСР-ің еңбек сіңірген мұғалімі болды. Жеті баланың әкесі. “Қызыл жұлдыз”, “Еңбек Қызыл ту” ордендерімен марапатталған. Соғыста Мәскеуді де қорғады. Кейін Берлинге дейін жетті.

Шейіт болғандардың рухына тағзым еткен өскелең ұрпақ Ұлы Жеңісті сыйлаған әрбір жауынгерге риясыз риза. “Мәңгілік полк” акциясына қатысқандар бейбіт өмірде тұрып жатқандарына қуанышты.

“Мәңгілік полк” шарасы өңірімізде осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылды. 2016 жылы аталған қозғалысқа 5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық атсалысса, биыл олардың саны едәуір артқан. Жеңіс күні мерекесінде мұндай акция еліміздің 10 қаласында өтті.

Надежда Семенько – “Мәңгілік полк” шеруінің үйлестірушісі:

– “Мәңгілік полк” акциясының басты міндеті Ұлы Жеңіс сыйлаған жауынгерлердің рухына тағзым ету. Бұнда кез-келген адам қатыса алады. Жастар соғыс ардагерлерінің, тылда тер төккен ата-бабаларының суреттерін ұстап жүру мүмкінідігіне ие. Бұл шара ең алғаш рет Ресейдің Томск қаласында 2012-ші жылы өтті. Биыл акияға 10 мыңға жуық теріскейлік қатысты.

Қазақ, орыс, татар, украин, поляк. Тiзе берсе саны көп. Бұлардың барлығы ұлтына, тiлi мен дiнiне қарамастан Отан ананы жауға бермеу үшiн күрестi. Зұлмат жылдардың ауылы алыстағанымен, шайқамаған шаңырағы жоқ. 90 жасқа жеткен тыл еңбеккері Фаузия Усманованың бір ағасы мен інісі майданға аттанып, Сталинград және Мәскеу түбінде қаза тапты.

Фаузия Усманова – тыл еңбеккері:

– Біз көрген соғысты жастар көрмесін. Біздің кезімізде ғимараттарда жылу болмаған. Сия мұз сияқты қатып қалады. Өте қиын жылдар болды.

Бiз ұмытпаймыз, бiз мақтан тұтамыз. Ел басына күн туғанда атқа қонып, қасық қаны қалғаншы Отан үшiн күрескен майдангерлердiң ерлiгi өскелең ұрпақтың мәңгi жадында. Ұлы мерекенi тойлауға келген жұртшылық “Даңқ” ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Жеңiс оты өшпесiн деп тарқасты.

Зайра Мұқашева – тыл еңбеккері:

– Кейінгілерге амандық, тиыштық берсін. Соғыс ешқашанда болмасын.

Нұрышева Бәтия – зейнеткер:

– Отанымыз тиыш, еліміз аман болсын. Әке-шешеміз, аталарымыз бейбіт күнді сыйлады. Соны құрметтей білейік.

Айдана Мұхамедғалиева – оқушы:

– Бұл менің атамның ағасы Мырзаш Сейілбеков. Ол 1945 жылы наурызда қайтыс болды. Украинада соғысты. Мен үшін Жеңіс – ол үлкен қуаныш. Қазір бейбітшілікте тұрып жатқанымыз аталарымыздың арқасы.

 

Риат Шони