Аптадағы маңызды жаңалықтар

Былғары зауыт ауданында бөгет тұрғызылуда

Инженерлік жұмыстар сәуір айының ортасында басталған. Содан бері мұнда күн-түн демей 20 шақты адам және 15 бірлік техниканың күшімен балшық тасылып, дамба тұрғызылда. Ұзындығы 100 метрлік бөгетке 15 мың текше метр балшық әкелінген.

Павел Болаев – “Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар” КМК директоры:

– Біз мына жерде жаңа бөгет орнатудамыз. Оның ені 3 метрден асады. Қазір күн сайын балшық тасып, оны жайып жатырмыз. Мамандар күндіз де, түнде де жұмыс жасауда. Ескі дамбаны да жаңартып, биіктетудеміз.

Мына бөгеттің арқасында қазір Былғары зауыт ауданындағы ондаған үй құрғақ жерде тұр. Өйткені, бұл дамба Есіл өзенінен келген толқынды ұстап тұрады. Мәселен, кешелі бері судың деңгейі 2 см-ге көтерілген.

Николай Закотырин – Былғары зауыт ауданының тұрғыны:

– Қазір біздің ауданда жұмыс қызған. Мамандар бөгетті тұрғызып жатыр. Біз де қол қуысырып отырмай, оларға барынша көмектесуге тырысудамыз. Егер бұл бөгет болмаса, онда мұнда қалған 60 үйді де қызыл су басар еді.

Қазір аталған аудандағы 100-ден астам үй су астында қалған. Оның иелері қауіпсіз жерлерге көшірілді. Ал, эвакуациялаудан бас тартқан тұрғындар тасқын басқан баспаналарын күзетуге қалыпты. Бүгінде онда жылудан бөлек, жарық та жоқ. Енді жақын арада олар қызыл судың келуі басылып, электр қуаты іске қосылатынына сенеді.

 

Айгерим Ержанова