МТРА жаңалықтары

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ҰО соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері құттықтауларды қабылдады

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Ұйымдастырылатын шаралардың барлығы тек сіздер үшін. Бізге ашық аспан астында бақытты ғұмыр сыйладыңыздар. Сіздердің ұрыс алаңында көрсеткен ерліктеріңізді біз ешқашан ұмытпай, жас ұрпаққа міндетті түрде жеткіземіз.

Александр Липовой ҰОС басталғанда небәрі 14 жаста еді. Алайда оған қарамастан жасөспірім майдан шебіне аттанғысы келген. Сөйтіп, мектепті тәмәмдаған соң, ол әскери училищеге түседі. Жыл сайын қария 9-мамыр – Ұлы Жеңіс күнін асыға күтеді екен.

Александр Липовой – Тыл еңбеккері:

– Ұлы Жеңіс күні – бұл бүкіләлемдік деңгейдегі мейрам. Фашистік Германия әскеріне төтеп беру үшін ондаған мемлекеттер бірікті. Ол кезде мен есімді білетін жаста болғандықтан, соғыс қиыншылықтары жақсы сақталды. Бұндай сұмдық енді қайталанбаса екен деп тілеймін.

Петр Матвеевич болса әскерге 43 жылдың қаңтарында шақырылыпты. Жауынгер 1-ші Украиндық фронт қатарында болған.

Петр Гладков – Ұлы Отан соғысы ардагері:

– Ұлы Жеңіс күні әлі есімде. Госпитальде ем алып жатқан едім. Оған дейін кеңес әскері Фашистік Германияға жеткенін естідік. Қуана бастадық. Бір күні сырттан пулемет пен мылтықтың тоқталмайтын дыбыстарын естідік. Соғыс қалайша бізге жетіп қалды деп абыржыдым. Сонда госпитальге саяси жетекшіміз кіріп, Ұлы Жеңіспен құттықтады.

Облыс орталығында ҰОС ардагерлерінің саны күн санап азаюда. Бүгінде қаламызда көзі тірі 99 қария бар.

 

Эльмира Садвокасова