МТРА жаңалықтары

“С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай мерекелік шара ұйымдастырды

Роза Кормина – тыл еңбеккері:

– Бұл зауытта мен 15 жасымнан жұмыс істедім. Еңбек жолымды темір ұстасы болып бастадым. Күніне 14 сағаттан жұмыс істедік. Ұйқы дегенді ұмытуға шақ қалдық. Жұмыс орныңда жағыңды таянып ұйықтай саласың. Өте қиын жылдар болды.

Жылдағы дәстүрге сай “Киров атындағы зауыт” АҚ-ың ұжымы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ардагерлердің басын жиып, мерекелік шара ұйымдастыруда. Жиын барысында қатысушылар Ұлы Отан соғысында шейіт болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті.

Ұлы Отан соғысы басталғанда қолға қару алып, ел қорғауға зауытта еңбек етіп жүрген 400-ге жуық жұмысшы аттанған. Олардың көбісі майдан даласынан қайтып оралмады. Өткен жылы кәсіпорын ұжымы батырлардың есімі жазылған тақта орнатыпты. Осылайша шейіт болған жауынгерлерге құрмет көрсетуде.

Виталий Бескоровайный – “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бүгінде зауыттағы ардагерлер кеңесіне 860 қария мүшелік етеді. Оның 210-ы -тыл еңбеккерлері, 3-уі – Ұлы Отан соғысының ардагері. Олар денсаулықтарына байланысты бүгінгі шараға келе алмады. Біз ардагерлерге әрқашан да құрмет көрсетіп отырамыз. Ертеңдері үйлеріне барып құттықтаймыз, ақшалай сыйақы табыс етеміз.

Бір айта кететін маңызды жайт, бұл зауыт 41-ші жылы Петропавлға Мәскеу түбінен көшірілді. Отты жылдары мұнда қорғаныс саласына арнап байланыс құрылғыларын, радиостанцияларды шығарған.

Марат Әбілмәжінов – “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас директоры:

– Сталинның кабинетіндегі радиостанция біздің зауытта шығарылған, сонымен қатар “17 мгновений весны” сериалындағы радистка Кэттің рациясыда бізде өндірілген.

Мерекелік шара соңында зауыт ұжымы ардагерлерге арнап әскери-дала асханасын ұйымдастырып, жауынгерлік ботқадан дәм татқызды.

 

Риат Шони