МТРА жаңалықтары

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында жүздеген студент жауынгерлер рухына тағзым етті

Біреулері дәрігер болуды армандаса, екіншісі құрылысшы мамандығын таңдаған. Алайда, 1941 жылдың маусымында келген суыт хабар барша арман-мақсатты көкке ұшырды. 50 мемлекет қатысқан екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағының 20 млн-нан астам халқы көз жұмған. Жеңіс туралы хабар тек 1945 жылдың 9 мамырында жетті. Сол уақыттан бері 72 жыл өтсе де, бұл оқиға әрбір адамның жүрегінде сызат қалдырды. Жастар үшін де бұл күн – Ұлы мерекелердің бірі.

Іңкәр Жанболат – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен ардагерлерімізге айтар алғысым шексіз.

Жыл сайын солтүстікқазақстандықтар 9-шы мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай сұрапыл жылдарда көрсеткен ерліктері үшін ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қоюға келеді.

Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Щеглов 371 дивизия қатарында 1945 жылы Кенинсберг қаласын босату операциясына қатысыпты. Ұлы Отан соғысы аяқталғанымен, жауынгер соғыстың соңғы ошағы Жапонияға жіберілген.

Федор Щеглов – Ұлы Отан соғысының ардагері:

 

– Мен әскерге 1944 жылы шақырылдым. 3 ай бойы оқу-дайындық жұмыстарын жүргізіп, майдан алаңына аттандық. Ең алғашқы ұрысым Латвиядағы Шауляй қаласында болды. Ал ең маңыздысы – “Кенинсберг операциясы” еді. Ол қазіргі Калининград қаласы. Оны босатқаннан кейін сол жылдың сәуір айының соңында Қиыр Шығысқа аттандық. Ал Жеңіс күнін мен Красноярск қаласында қарсы алдым.

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі ұстаздары мен студенттері осы сынды шараларды жыл сайын ұйымдастырып, қан майданда жер құшқан жауынгерлер рухына тағзым етеді.

Эльмира Садвокасова