МТРА жаңалықтары

Несие ресімдегісі келетін ауыл тұрғындарына 85 пайызға дейін кепілдік ұсынылады

Кепілге қоятын заттары жоқ немесе 2-ші деңгейлі банктер шалғайдағы дүние-мүліктерді тым төменге бағалап, азаматтарға қарыз беруден бас тартады. Аталмыш мәселелерді “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында шешу жағы қарастырылған. Биыл тұңғыш рет шағын қалалар мен ауылды жерлерде жүзеге асырылатын жобаларға “ҚазАгроКепіл” АҚ кепілгер болады. Олар іскер азаматтардың алатын несиесіне 85 пайызға дейін кепіл ұсынбақшы.

Дәулет Тажмакин – “ҚазАгроКепіл” АҚ Басқарма төрағасы:


– Бағдарлама аясында 18 млн теңгеге дейін қарыз алуға мүмкіндігі қарастырылған. Несиенің жылдық ставкасы – 6 пайыз. Биылдан бастап “ҚазАгроКепіл” АҚ Аграрлық несие корпорациясы арқылы мақұлданған жобаларға қайтарымсыз кепіл ұсынады. Ісін жаңадан бастағалы жатқандарға 85 %-ға дейін, ал бизнесін дөңгелетіп отырғандарға 50 %-ға дейін кепілдік ұсынамыз.

Осы тұста, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының несиелік ресурстарына кепілдік берілмейтінін айта кеткен жөн.

Дәулет Тажмакин – “ҚазАгроКепіл” АҚ Басқарма төрағасы:

 

– Биыл Аграрлық несие корпорациясының СҚО-дағы филиалына 676 млн теңге бөлінді. Қаражатты жыл соңына дейін игеру керек. Біз шағын қаржылық ұйымдар және несиелік серіктестіктермен ғана жұмыс істейтін боламыз. Бағдарлама мамыр айында толығымен іске қосылады. Қазір Петропавлда “ҚазАгроКепіл” АҚ өкілдерін тіркеу жүріп жатыр. Нормативтік құжаттармен біздің жеке сайтымыздан біле аласыздар.

Бизнестің тәуекелдері көп. Оны төмендету үшін кәсіпкерлер палатасында іскер азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығы арттырылады.

Берік Қасен