Құқық қорғау органдары

Полицейлер дін өкілдері және ассамблея мүшелерімен кездесті

Бұдан соң меймандар Ғазиз Есімов атындағы жас қызметкерлер аллеясына барып, бірлесіп көшеттер отырғызды. Өткен жылы ашылған алаңда енді дін өкілдері мен ассамблея мүшелерінің де жасыл желектері болмақ. Ал кейін өзара әріптестік жайы талқыланған жиын өткізілді. Онда жиналғандарға тәртіп сақшыларының жұмысы жайлы айтылды. Кездесу барысында өңірдің бас полицейі Берік Біләлов өткен жылдың қортындысы бойынша теріскейде қылмыстар саны 10 пайызға азайғандығын жеткізді.

Берік Біләлов – СҚ ІІД бастығы:


–  Жыл басынан бері 2412 қылмыс тіркеліп отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 33 пайызға кем. Алдын алу шаралары да оң нәтижесін беріп отыр. Соның нәтижесінде қоғамдық орындар мен көшеде жасалатын заңбұзушылықтар – 18, жасөсіпірімдермен жасалатыны – 39, бұрын сотталғандар баратын қылмыстар – 18,5 және мас күйінде заңға қарсы әрекетке жол беру көрсеткіші 15 пайызға азайған. Биыл өткен жылдардан қалған 300-ге жуық іс ашылды. Бұл – қылмыстарды ашу көрсеткішінің жоғарылағандығын білдіреді.

Бүгіндері тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті қадағалап қана қоймай, тасқыннан зардап шеккен жандарға да көмек қолын созуда. Антына адал, сертіне берік жандар ресейлік әріптестерімен де қоян-қолтық жұмыс жасайды. Соңғы жылдары дін атын жамылып, лаңкестік әрекеттерге барып жүрген экстремистер мен террористердің жолын кесу үшін де полицейлер дін өкілдерімен түрлі шаралар ұйымдастырған.

Қасымхан қажы Исаев – «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы:

– Бізде арнайы жұмыс жоспары құрылған. Соған сай, бас бостандығынан айырылғандармен айына 2 рет кездесеміз. Тағы жеке-жеке қабылдау өткіземіз.

Өз кезегінде дін өкілдері мен ассамблея мүшелері полицейлерге алғысын білдіріп, бірлесе жұмыс жасаудың пайдасы зор екендігін айтты. Келісіп пішкен тон келте болмас демекші, осыған дейін екі жақ меморандум жасасқан. Алдағы уақытта оның аясын кеңейтіп, ауылдық жерлерде де этномәдени бірлестіктермен тәртіп сақшылары етене жұмыс жасауы тиіс деген пікір айтылды.

Наиль Салимов – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Аудандарда 154 этномәдени бірлестік бар. Сондықтан, аудандық ішкі істер бөлімдері солармен бірлесіп жұмыс жасауы тиіс. Көріп отырғандай, тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық базасы мығым. Жылдан жылға көрсеткіштер жақсарып келеді. Бұл әрине барлығымызды қуантады.

Кейін меймандар жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, ІІД мұражайын аралады.

Магжан Ахмадина