МТРА жаңалықтары

Петропавлда кене мен масаны дәрілеу жұмыстары жүргізілуде

Енді, міне бүгін мамандар қаламыздағы Мәдениет және демалыс саябағын зиянкестерден залалсыздандыруда. Қолдарына бүріккіш қондырғы ұстаған мамандар бұл аумаққа кене мен масаға да қарсы қолданылатын “Цифокс” сұйықтығын шашуда.

Татьяна Джулай – “Северный Кристалл” компаниясының бас дезинфекторы:

– Ресейде шығарылатын “Цифокс” атты дәрінің қуаттылығы өте жоғары. Оның күші шашылған аумаққа 1 ай бойы әсер етеді. Дегенмен, жаңбыр жауса сұйықтық жойылып кетеді. Яғни, ылғалмен шайылып кеткен жерде маса өлмей қалады. Қазір зиянкестер аса байқалмайды. Жәндіктер былтыр осы уақытта көп болған еді.

Әзірге, қансорғыштарға қарсы жұмыстарды 4 дезинфектор маман жүргізуде. Егер маса мен кене көбейсе, тиісінше қызметкерлердің де саны артпақ. Жуырда компания құны 450 мың теңге болатын 3 арнайы мотопомпа сатып алыпты. Олар сұйықтықты алыс қашықтыққа шашады екен. Тұрғындардың өтініші бойынша олар жәндіктерді де залалсыздандырады.

Константин Ермолин – “Северный Кристалл” компаниясының директоры:

– Маса мен кенені тұрғындар шақыртқан жерге барып та дәрілейміз. 1 сотық жерді залалсыздандырсақ, оның бағасы 1000 теңге тұрады. Жуырда жәндіктерге қарсы сұйықтықты Жеңіс саябағында шаштық. 9-Мамырға қарсы ол жерге тағы барып жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. “Цифоксты” жеткілікті мөлшерде сатып алдық. Дәрі қажет болса тағы Ресейден әкелеміз.

Жалпы, биыл “Северный Кристалл” компаниясы қала бойынша 1600 гектар аумақты залалсыздандырмақ. Бұл іске қалалық қазынадан 7 млн 400 мың теңгеден аса қаржы бөлініпті.

Ерік Рамазанов – Петропавл қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор инспекторы:


–  Былтыр 440 гектар жерді дәрілеген едік. Ақша да аз бөлінді. Биыл залалсыздандырылатын аумақтың көлемі шамамен 3 есеге артып отыр. Биыл маңайда су көп. Ондайда жәндіктер де көп шығады. Осыған орай сақтық шараларын алдын ала ойластырдық.

Айта кетейік, қазіргі таңда Петропавлда кене мен масаға қарсы дәрілеу жұмыстарымен 6 бірдей компания айналысады.

Култанов Байболат