Без категории

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде ардагерлермен кездесу өтті

Ұлы Отан соғысы аяқталысымен ол бұрынғы жұмысына қайта оралып, саналы ғұмырының 58 жылын токарь қызметіне арнапты. Бүгінде қимылы ширақ ардагер жастармен кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісуде.

Степан Башкиров – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Қазір сіздердің қызметтік өмірлеріңіз басталмақ. Оны дұрыс таңдау маңызды. Мен зауытқа жасөспірім кезінде келген едім, сол уақытта жұмысым өзіме қатты ұнады. Сондықтан, өмірімді осы салаға арнауды жөн көрдім. Сіздер де жандарыңызға жақын жұмысқа баруларыңыз қажет.

Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс күні мейрамы қарсаңында өткізіліп жатқан іс-шараға Степан Федоровичтен басқа әскери қызмет барысында өжеттілігі және ерлігімен көзге түскен тағы екі ардагер шақырылған. Владислав Демьяновтің өзі осы білім ошағының түлегі. Ол өрт сөндіру кезіндегі көрсеткен қайсарлығы үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен марапатталған. Ал, Александр Филиппов 18 жасында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, жарты жылдан кейін Ауғанстанның Кабул қаласына жіберіліпті.

Александр Филиппов – Ауған соғысы ардагері:

– Әскерде болғанымда батальон қатарында қазақ, қырғыз, украин, поляк сынды түрлі ұлт өкілдері болды. Ынтымақтастықта, бірлікте Отан алдындағы борышымызды өтедік. Бір жарым жылдай соғыс алаңында болып, өліммен арпалысқан талай жанды көрдік. Сондықтан, бұндай сұмдық қайталанбасын деп тілеймін. Аспанымыз әрдайым ашық болып, барша халық тату-тәтті өмір сүрсе деймін.

Жыл сайын ардагерлер қатары саны сиреп барады. Алайда олардың көрсеткен ерлігін ешқашан ұмытпаймыз дейді 1 курс студенті Мөлдір Әпсан.

Мөлдір Әпсан – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Ардагерлер ақтық демі қалғанша Отан үшін күрескен. Ешқашан қорықпай, керісінше алға ұмтыла білген жандар. Қазіргі таңда біздің ардагерлеріміздің арқасында Тәуелсіз мемлекетте өмір сүрудеміз. Менің ойымша, олар әрдайым біз үшін – үлгі.

Жалпы осы сынды шаралар Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі қабырғасында жиі ұйымдастырылып тұрады.

Эльмира Садвокасова