МТРА жаңалықтары

ҚХА өкілдері тасқыннан зардап шеккен теріскейліктерге гуманитарлық көмек жіберді

– Күн-түн демей жаны жайсаң мейірімді жандар тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көмектерін беру үстінде. Дәл қазір елордадан келіп жеткен кезекті гуманитарлық көмекті жергілікті жастар белсенді түрде жүк көліктен түсіру үстінде.

Жүк көлікке тиелген қораптарды ұйымдасқан түрде жастар жылдам түсіруге кіріссе, іште оны рет-ретімен жайғастырып, тізімге енгізуде. Белсенді жастардың айтуынша, біреу қайғыға душар болғанда шетте тұра алмаймыз, қалай да болса қол ұшын созуға дайынбыз дейді.

Гоара Абрамян – СҚО “Кентрон” армян этномәдени орталығының белсендісі:

– Мен түн ортасында ата-анамнан сұранып келдім. Біз тасқыннан зардап шеккендерге барынша қол ұшын созуымыз керек. Себебі, бұндай қайғыға ертең өзіміз де душар болуымыз мүмкін. Сол себепті, оларды жалғызсыратпай, қолдау көрсету қажет.

Айта кету қажет, бұл – елордадан теріскейге келген осымен екінші гуманитарлық көмек. Осы жолғысына оқушылар да атсалысыпты.

Енді 5 тоннаға жақын гуманитарлық көмек үш жаққа жіберіледі: Ғ.Мүсірепов, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласында тасқыннан зардап шеккендерге. Сондай-ақ, жергілікті Ассамбелея өкілдері де өз тараптарынан жәрдем көрсетпек ниетте.

Әсемгүл Есқожа – “Қоғамдық келісім” КММ басшысы:

– Қазір Астанадан азық-түлік келсе, біздің облыстық этномәдени бірлестіктері киім жинады. Тәжіктер аяқ-киім дайындаса, орыстар мен неміс этномәдени бірлестіктері киім-кешектер әзірледі.

Айта кету қажет, тасқыннан зардап шеккен жандарға қол ұшын созам дегендерге қалалық мәдениет үйінде гуманитарлық көмек қабылданады. Ал қаражат аударам дегендерге экранда арнайы есеп шоттың реквизиттері көрсетілген.

 

Риат Шони