Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде 221 үйді су басқан

Облысқа тасқын судың екінші толқыны жеткен. Ол Сергеев су қоймасынан өтіпті. Қазір ондағы ернеуінен асқан судың деңгейі 4 см төмендеп, 222 см құрап отыр. Покровканы да артқа тастаған су, бүгіндері Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылына жеткен. Ал Петропавл су қоймасындағы оның деңгейі соңғы тәулікте 4 см көтеріліпті. Бұл қарқын әлі 3 күндей сақталмақ. Сондықтан Қызылжар ауданындағы Тепличное және Соколовка ауылдарында да судың деңгейі көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ, қазір қызыл судың келтірген шығындары есептелуде. Бұл ретте айта кету керек, үйлері сақтандырылмаған саяжай иелері қаржыдан дәмете алмайды. Ал су кетіп, жер кепкендіктен Ғ.Мүсірепов ауданы Рузаевка ауылындағы шығындар толығымен есептеліп, апта соңында төлене бастайды.

Антон Федяев – көктемгі су тасқынына қарсы облыстық штабтың жетекшісі, СҚО әкімінің орынбасары:

 


–  Комиссия 52 млн теңге деп анықтап отыр. Қазір тағы ауданда қираған 12 баспананың орнына үйлер ізделуде. Олардың құны 200 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейін бағаланып отыр. Ал су шамалы ғана кіріп, мүлкі азын-аулақ қана бүлінген тұрғындар 50 мың теңге көлемінде қаржы алатын болады. Осы аптада олар төлене бастайды. Бұдан бөлек, тұрғындар 6 млн теңгеден астам көмекті құрылыс материалдары, киім-кешек, азық-түлік ретінде алды. Бүгіндері Заречный кентінде жағдай ушыққан. Су деңгейі көтеріліп, ағынның қатты болуына байланысты тұрғындарды тасымалдау қауіпті болып отыр. Өйткені судың астында не барын және жолдың қандай жағдайда екендігі белгісіз. Халық жағдайға түсіністікпен қараса екен дейміз.

Магжан Ахмадина