Без категории

– Қазақ, орыс, татар, украин. Тізе берсе саны көп. 130-дан астам ұлт өкілдерін Қазақстан атты бір үй біріктіруде. Бұған дәлел бүгінгі 1-ші мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл бір шаңырақтың астында тұрып жатқан халықтың мерекесі. Біздің алдымызда рухани жаңғыру міндеті тұр. Оған тек бірліктің арқасында жете аламыз.

Ұлық мейрамда бірлік сыналады. Тірлік шыңдалады. Облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде тасқын судан зардап шеккен жандарға бірігіп көмек көрсетіп жатқан жұртшылыққа да алғысын білдірді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің бірлігіміз сын сағаттарда көрініп жатады. Біздің өңірде көктемгі су тасқыны үлкен сынақ болды. Ұлты, тілі мен діні әр түрлі жандар бір-біріне көмекке келді. Бірудің басына түкен қайғыға ортақтасты. Көмектер жан-жақтан, әр облыстан, әр ауданнан келіп жатыр. Біз тек бірліктің арқасында уақыт міндеттеген тапсырмаларды шеше аламыз. Ынтымағымыз жарассын.

Бұдан соң орталық алаңда жергілікті өнерпаздар әзірлеген ауқымды концерт ұйымдастырылды.

Кейін өңір жетекшісі Қазақстан Конституциясы көшесі бойымен жүріп өтіп, мерекелік іс-шараларды тамашалады. Сондай-ақ, облыстық этномәдени бірлестіктер тіккен киіз үйлерге аялдады. “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық бірлестігі құрметті меймандарға өздерінің ұлттық ойыны “шөлмек батыруды” да көрсетті. Жалпы бұл бірлестік өкілдері мерекеге ерекше дайындаламыз дейді.

Раиса Рамазанова – СҚО “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

– Мерекеде біз ет пісіреміз, түрлі ұлттық тағамдар әзірлеп дайындаламыз. 30 күн той тойлап жүреміз.

Теріскейліктердің көңілі шат-шадыман. Барлығы да түрлі концерттік іс-шараларда тамашалап, ашық аспан астында ынтымағымыз нығая берсін дейді.

Ұлты өзге болғанымен тілегі бір жандар да теріскейліктерді Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықауда.

Риат Шони

 

 

Ақбөпе Тәңірберген:

– Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Бүгін Қазақстан халқы 1-мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлап жатыр. Теріскей төріне тұрақтаған ұлттар мен ұлыстар мынадай киіз үйлерді құрып тастап, өз салт-дәстүрі мен мәдениетін паш етуде.

Әрине, бүгінгі думанның отын қыздырып жүргендер – өңірдегі этно-мәдени орталықтар. Мына жерде еврейлер жайғасыпты. Кестеленген ормал мен көгілдір көйлек – еврей халқының нәзікжандылары киетін ұлттық киімдері. 70-тен асқан Нина Полякова Қазақстанда туып өскен. Туған тілін білмегенімен салт-дәстүрін ұмытпапты.

Нина Полякова, “СҚО еврей мәдени орталығы” ҚБ мүшесі:

– Бізде 130 дан артық ұлт пен ұлыс мекендейді. Барлығымыз да татулық пен бірлікте өмір сүрудеміз. Елімізде бейбітшілігіміз мәңгі тұрақтап, достығымыз ұзағынан болса деп тілеген осынша халықтың тілегі қабыл болады деп ойлаймын. Тілі, діні бөлек қанша адамды бір шаңырақ астына біріктіру әркімнің қолынан келе бермейді. Біз өз үйімізде әке-шешемізден берілген дәстүрлерді сақтанамыз, қазақтардан үйренгеніміз де көп.

Әріректе Солтүстік Қазақстанда ең аз шоғырланған шешен-ауған халықтары уықтарын қадапты. Олардың біздің өңірдегі халық саны отызға жетер-жетпес қана. Ауған азаматы Хасрат Назимидің Қазақстанға көшіп келгеніне биыл отыз жыл. Мерекеге орай үстіне джейла, басына – пакур деп аталатын ұлттық киімін киіп шығыпты. Туған жері Ауғанстанға жиі баратындықтан тілі мен дәстүрін жақсы біледі.

Хасрат Назими, “Бохтар” ауған мәдени-қоғамдық орталығының мүшесі:

– Қазақстанда әрқашан бейбітшілік болсын. Жұртшылық әр мерекені жібермей осылай, тоқшылықта тойласа екен. Елбасының көреген саясатына разымыз. Ауғанстанда да бейбітшілік орнаса деп тілеймін. Білесіздер, ол жақта отыз жалдан асты соғыс болып жатыр. Осы екі жұма бұрын ғана оралдым. Онда – атыс шабыс, ал мұнда – той.

Қазақтар қанға сіңген дәстүрге сай бүгін де меймандарды әуендетіп, мол дастарханымен қарсы алып жатыр. Балалар қайым айтыс жасаса, жеңгелер қымыз сапыруда.

Қазақ, түрік, башқұрт. Бүгін мына сахнада түрлі тілде ән шырқалып, әр халықтың биі де орындалды. “Тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір” деген осы болар. Олар айтқан ән де, өлең де татулық пен бірлік, отан тақырыптарын қамтыды.

Ал, Абай-Пушкин ескерткішінің маңында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар басталып кеткен. Бұқа тартыс, белбеу күресі, жекпе-жек сынды атадан келе жатқан ойындар өтіп жатқан алаңға үлкенді кішілі түгел үйірілді. Ағалы-інілі Аслан мен Хақназар асықтың қызығына еніп кетіпті. «Ақпыз, сары, қарамыз, ағайынбыз бәріміз» демекші, мұндай ойынды түрлі ұлттың баласы бірігіп ойнап, достасып кетіп жатты.

Ербол Оспанов, Облыстық ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушысы:

– Асық бүгін түрлі ұлттың баласының басын қосты. бірінші рет ойнағандары да бар. Көріп біліп, танысып жаты.

Картешілер де өз өнерлерін көрсетті. 50-ге жуық жас спортшы жапон жекпежегінде қолданылатын түрлі әдіс-тәсілдерді жұртшылық назарына ұсынды.

Балалар да назардан тыс қалмаған. Мына алаң қаланың кішкентай тұрғындарының иелігінде.

Бірі сахнаға шығып ән салса, келесілері асыр салып түрлі ертегі кейіпкерлерімен ойнауда. Нұрын шашқан күн, ашық аспан, зәулім-зәулім үйлер. Бұл тас жолға балалар нұрланған тәуелсіз елемізді бейнелепті. Бұл күні облыс орталығындағы су бұрқақтары қосылып, балалардың қуанышын еселей түскендей. Отбасымен демалуға шыққандар осы жерде танығуда. Олар мереке күні көңіл көтеріп, бірін-бірі ортақ мейраммен құттықтап жатты.

Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік қағидасын ұстанған қазақ елі үшін бұл мейрамның орны ерек. Әр ұлт өз тілінде тілектерін білдіріп, аспанымыз әрдайым ашық болса екен деп жатты. 1-мамыр мерекесінің мәні мен мазмұны осында.

Гүлбақша Мұсабаева, “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы ҚБ төрайымы:

– АСпанымыз ашық болсын. Әрқашан тату-тәтті өмір сүрейік.


Идрис Картал, “Түрік мәдениеті” ҚБ төрағасы:

– Бүгінгі мерекемн құттықтаймын. Бейбітшілігіміз мәңгі болсын.

Чингиз Курбанов, СҚО “Әзербайжан мәдениеті” орталығы төрағасының орынбасары:


– Мереке құтты болсын. Көп ұлтты, бейбітшілігіміз мызғымас ел болайық.


Раиса Рамазанова, “Дуслык” облыстық татар-башқұрт орталығы” ҚБ мүшесі

– Әр үйге шаттық, бақыт тілеймін. Байрам құтты болсын.

Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған шара кешке дейін жағасады. Дәл 19:00-де жазғы би алаңы ашылып, ересектер үшін «Сағындырған әндер-ай» ретро фестивалі өтеді.

Акбопе Танирберген

 

 

Берік Қасен – тілші:

– К.Сүтішев көшесі, 18-ші үйде армян, татар, башқұрт, белорусь тағы да басқа ұлттар ауызбіршілікте өмір сүреді. Бүгін оларға Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымы шағын концерт, балаларға ойын ұйымдардастырды.

Осы аулада интернационалды отбасылар да тұрады. Инна Мерешкова қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан. Екеуі бүгінде Руслана есімді бір қызды тәрбиелеп отыр. Инна Мерешкова өзге ұлттарды діні мен тіліне қарап ешқашан бөліп жарған емеспін, бәрімен бірдей араласамын дейді.

Инна Мерешкова -К.Сүтішев көшесі, 18-ші үйдің тұрғыны

– Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды айтамын. Мұндай шаралар халықтар бірлігін нығайтуға септігін тигізеді. Қызым өзге ұлттың балаларымен жақсы араласады. Қазақ балабақшасына барады. Екі тілде сөйлейді. Мен оның көпшіл болғанын қалаймын.

Ал мынау К.Сүтішев көшесі 15-ші үйдің ауласы. Бұл маңда Петропавл қаласының жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері сайқымазақтарша киініп алып, балаларды ойнатып жүр.

Дәл осындай көрініс Жамбыл көшесі, 71 А үйінің орамында. Бұл аулада қазақ, орыс, украин тағы да басқа ұлттар ауызбіршілікте өмір сүреді. Олардан балалары да үлгі алуда. Татар ұлтының өкілі Альфия Ахмарова достық мерекесін жылда көппен бірге атап өтемін дейді.

Альфия Ахмарова – Жамбыл көшесі, 71 А үйдің тұрғыны:

– Мен түрлі ұлттың өкілдерімен көрші тұрамын. Ешқашан ұрысып, біреуіне қабақ шытып көрген емеспін. Мемлекеттік және діни мерекелерді бірге тойлаймыз. Бүгін аулада осындай жақсы мереке ұйымдастырған адамдарға алғысымды айтамын. Балаларымыздың ашық аспан астында алаңсыз ойнап жүргеніне қуаныштымын. Отанымыз тыныш, бала-шағаларымыз болсын!

Осы жерде баршасы ыстық палаудан ауыз тиді. Бұл шараны облыстық мәслихаттың депутаты Рашбиль Евдаев ұйымдастырыпты.

Рашбиль Евдаев – “Солтүстік Қазақстан еврей мәдени орталығы” ҚБ, төрағасы:

– Барша қазақстандықтарды бірлік мерекесімен құттықтаймын. Бүгінде көптеген ұлт пен ұлыстың ортақ шаңырағына айналған байтақ Қазақстан – бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген жұртты бөле жармай бауырына басты. Мен сол үшін
қазақ ағайыныма алғысымды айтамын. Бейбітсүйгіш елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мейрам әр өңірде жыл сайын тойлана берсін.

Қазақстан халқының бірлігі күні облыс әкімінің бастамасымен қаладағы 100-ге жуық аулада тойланды.

Берік Қасен