МТРА жаңалықтары

СҚО-да “Балалар бастауы – 2017” әлеуметтік жобалар байқауы өтті

Бар болғаны жетінші сыныпта оқитын ұл мен қыз “ЕХРО-2017” туралы ауқымды тақырыпты зерттеп, жоба жазудан именбеген. Халықаралық көрменің тиімділігін жіті қарастырған олар өзгелердің қаржысын тартып, жаңа идеяларға қарқ болатынымызды біліп отыр. Расул – Қазақстан алпауыт елдерді қонаққа шақырып, Азия мен ТМД елдері арасында бірінші болып халықаралық көрмені ұйымдастырып жатыр, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш дейді.

Расул Қазбек, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 7-сынып оқушысы:


– Адамдар көбірек келсе, ақша да көбірек түседі. Сондықтан көрменің өтуі маңызды.

Асылым Нұрсейіт, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 7-сынып оқушысы:

– Біз осы жобамызды Бурабайда өткен республикалық “Зерде” байқауына апардық. Үшінші орынды алдық. Бізге ЕХРО-2017 көрмесіне екі билет берді. Міндетті түрде барамыз.

12 жасқа енді толған жас зерттеушілер ЕХРО-2017 көрмесі туралы барлық жерлестеріміз білуі тиіс дейді. Бұл ретте инстаграмм желісінен арнайы аккаунт та ашып қойыпты. Мұнда аталмыш көрме жайлы қызықты деректерді салып отырады. Алғаш телехабар тарату, бірінші ұялы телефон, тұңғыш сенсорлы экран әлемнің әр елінде өткен дәл осы көрмеде таныстырылыпты. Алдағы жазда Астанада өтетін шара барысында да көптеген жаңа технологиялар паш етіледі. Сондықтан, тезірек барып тамашаласақ екен деп қос оқушы құлшынып отыр.

“Балалар бастауы – 2017” әлеуметтік жобалар байқауының облыстық кезеңіне бас-аяғы 13 жоба қатысуда. Оқушылардың көбі өз мектептері мен ауылдарын көркейту, энергияны үнемдеудің тиімді жолдары сынды тақырыптарды қаузауда. Байқауға 11 мен 18 жас аралығындағы ұл-қыздар қатысып отыр.

Әлмұрат Бектеміров, Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:


– Тәрих, әлеуметтану, география, отан және ехро тақырыптары қамтылды. Үздіктер марапатталатын болады.

Бүгін облыстық сыннан тек 3 үздік жобаның авторы іріктелініп алынады. Ал, олар Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алмақ.

 

Ақбөпе Тәңірберген