МТРА жаңалықтары

Қалада тасқыннан зардап шеккендердің шығыны толық өтеледі

Сәния Смаилова – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Шығынды есептеу бойынша комиссия №12-ші орта мектепте сағат таңғы тоғыздан бастап жұмыс істейді. Өтініш берген кезде міндетті түрде жеке куәліктің көшірмесі мен қалыпқа келтіру керек құжаттардың тізімін жазу керек. Егерде баспаналарыңыз сақтандырылған болса, онда сол компанияларға жүгіну қажет. Яғни, ол үйлердің шығыны сақтандыру компанияларының есебінен өтеледі. Егерде ол болмаса, онда мәселені біз қарастыратын боламыз.

Халыққа ыңғайлы болу үшін комиссия жергілікті №12-ші орта мектепте жұмыс істемек. Сәтін пайдаланып тұрғындар тасқын астында қалған үйлерге ұрылардың түсіп жатқандығын айтты.

Наталья Чорба – Былғары зауыты ауданының тұрғыны:

– Заозерная көшесінде кей тұрғындар мүліктеріне алаңдап су астында тұрған үйлерінде отыр. Олардың айтуынша түн ортасында бөгде біреулер терезелерінен сығалап, баспаналарға еніп жатады. Кейбіреулерінің мүліктері де жоғалып жатыр.

Анатолий Мурзыканов – Петропавл қаласы ІІБ бастығы:

– Қосымша тағы жасақ жібереміз. Учаскелік инспекторларда түнгі кезекшілікке тартылады. Оның үстіне жол-патрульдік қызметкерлер де болады. Егер де қандай да бір ұрлық фактілерін байқасаңыздар 102 нөміріне хабарласыңыздар.

Тұрғындарды тағы бір алаңдататын сұрақ – ол келер жылғы көктем қалай болады? Бұндай табиғи апат қайталанбас үшін тиісті шаралар қолға алынады ма?

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша осы елді мекенде дамба тұрғызуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жедел түрде республикаға өтініш беріп, тиісті қаражат алуымыз керек. Сол себепті бұл бағытта жұмыстар атқарылады.

Ал бұл Заречный кенті. Мұнда тасқын су 250 баспананың 40-қа жуығын шайып кеткен. Оның арасында адамдар тұратын саяжайлар да бар. Қала әкімі Марат Тасмағанбетов халыққа ең бірінші кезекте жеке тұрғын үй иелерінің шығыны өтелетіндігін жеткізді. Бұл ретте саяжайды паналап жүрген отбастары да бар болып шықты.

Анатолий Богинский – “Искра” саяжай қауымдастығының төрағасы:

– Біздің қауымдастыққа 35 жанұя саяжайда тұрады. Олар баспаналарына тасқын жеткеннен кейін қауіпсіз аймаққа көшіп кетті. Жаңа сіз айтасыз бірінше кезекте жеке тұрғын үйлердің шығыны өтеледі деп. Сонда саяжайда тұратындарды қалай болмақ?

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Саяжайлар бойынша біз оларды жеке қарастыратын боламыз. Жалпы онда тұруға тыйым салынған. Егерде саяжайлар акт бойынша тұрғын үй ретінде тіркелсе, онда шығыны жеке баспаналармен қатар өтеледі.  

Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе – ол жолаушылар тасымалы. Өйткені көбінің жұмысқа қатынауы қиындаған.

Жанна Киселёва – Зеречный кентінің тұрғыны:

– Бізге кеше таңғы жетіде автобус адамдарды алып кетіп, кешкі жетіде бірақ әкелетіндігін айтты. Кентте тұрғындар көп. Олар сыймай жатады. Оның үстіне үш дүкен бар. Азық-түлік әкелу тағы бар.

Қала басшысы азық-түлік пен адамдарды тасымалдау жасалған кесте бойынша жүргізіледі деді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Біз адамдарды тасымалдауды барынша енгізген болатынбыз. Құтқарушылардың арнайы машинасы өз еркімен қатынаған еді. Қазір оны “К-701” тракторына тіркеп жүрміз. Өйткені тасқынның ағысы қатты. Осы күнге дейін екі бірдей трактор сынып қалды. Егерде құтқарушылардың арнайы техникасын өз еркімен жіберетін болсақ, ол орта жолда аударылу қауіпі бар. Ал оның іші адамдарға лық толы. Бұған түсіністікпен қарау қажет. Сіздердің өмірлеріңізге біз жауап береміз.

Жалпы Заречный кентінде шығынды есептеу комиссиясы №13-ші орта мектепте орналасып, тұрғындардың өтінішін 30 күн бойы қабылдайды. Ал оларды санауға тасқын су кеткеннен кейін кіріседі. Шығынды өтеуге бюджетте тиісті қаражат қарастырылған.

 

Риат Шони