МТРА жаңалықтары

Жүздеген солтүстікқазақстандық Чернобыль апаты құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды

Әлем тарихында орын алған үлкен апат салдарын залалсыздандыруға 32 мың Қазақстандық тартылған. Олардың 2 мыңнан астамы – теріскейліктер. Апатты залалсыздандыруға қатысқан отандастарымыз денсалуықтарынан айырылды. Бұрын ауырып көрмеген Ақатжан Арықов та радиация әсерін барған бетте-ақ сезген. Бүгінде азамат 2-ші топ мүгедегі.

Ақатжан Арықов – СҚО “Чернобыль одағы” мүгедектер қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:

– Ластанған жерлерді қазып оны арнайы бекітілген аймаққа төгетінбіз. Кейін таза бетон, асфальт әкеліп құятынбыз. Ол радиацияның өршіп, тарап кетпеуі үшін жасалатын.

Чернобыль атом электр станция­сын­дағы жарылысқа биыл – 31 жыл. Апат салдарын жоюға қатысқан біздің мыңдаған отандастарымыздың ерлігі барша жұрттың есінде.

Перизат Аблина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бұл адамдардың ерлігін ешқашан ұмытылмайды. Осы сынды апаттар болмасын деп тілеймін. Елімізде тек бейбітшілік пен тыныштық бола берсін.

Жыл сайын апат куәгерлерінің қатары сиреп барады. Қазіргі таңда облыс аумағында жарылыс салдарын ауыздықтауға қатысқан 300-ден астам адамның көзі тірі. Олардың 150-ге жуығы – қала тұрғындары.

Эльмира Садвокасова