МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдерімен кездесіп, тасқын жайлы соңғы мәліметтермен бөлісті

Табиғат тағы да тосын мінез танытты. Су кеше жетпеген үйлердің ауласына бүгін жұртшылық резеңке етікпен әзір баруда. Сергей Мартынов Заозерная көшесі 4 мекен жайы бойынша орналасқан үйде тұрады. Қызыл су ауласын басыпты. Үйіне кіре қоймаған. Ал, бұл маңайдағы кейбір үйлерге еніп кеткен.

Сергей Мартынов – Былғары зауыты ауданының тұрғыны:

– Қызыл су екі күннің ішінде жылдам жетті. Халық дым түсінбей қалды. Көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатын су басты. Барлығы баспанадағы мүліктерді шығарып жатыр. Зайыбым мен балаларымды құтқарушылар қауіпсіз аймаққа көшірді. Үй жануарларында алып кетті. Азықтары беріліп жатыр.

Былғары зауыты ауданында 115 үйді тасқын басты. Құтқарушылар 380 адамды қауіпсіз аймаққа көшірген. 73 бас үй жануары тағы бар. Айта кету қажет, тұрғындардың көбі баспаналарын тастап кеткілері келмейді. Эвакуацияланудан бас тартқандардың саны 470, оның 30-ы әлі де болса су астында қалған үйлерді паналауда. Арнасынан адасқан ағыстар былтыр ғана орнатылған дамбаның төменгі жерлері арқылы баспаналарға жақындауда. Қазір мамандар биіктігі 1,5 метр болатын бөгетті 4 метрге дейін арттыру үстінде. Инженерлік жұмыстарға 9 бірлік техника мен 15 адам жұмылдырылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі 465:

– Ең басты мақсатымыз адамдарды қауіпсіз аймаққа шығару. Эвакуациялау пунктеріміз дайын. Жатын орны, тамағы барлығы бар.

Ернеуінен асқан Есіл өзені алқаптарға көп жайылған. Облыс әкімі БАҚ өкілдеріне картамен былтырғы жылғы тасқынды салыстырып көрсетті. Өткен жылы Заречный кентіндегі қызыл су қай аймақтарға жеткендігі қара түсті сызықтармен көрсетілген. Ал биылғысы одан да ауқымды, ол қызылмен белгіленген.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Есіл өзенінің ені жазда 50 метр болатын. Бүгінгі күні кей жерлерде 9 шақырымға дейін жайылған. Бұндай су ешқашан болмаған. Материалдық көмек міндетті түрде көрсетіледі.

Қызыл су жайылған аймақтарда тәртіп сақшылары мен құтқарушылар күні-түні жұмыс істеуде. Адам шығынын болдырмау мақсатында да тиісті істер тындыруда. Оларға көмекке Ұлттық Ұлан сарбаздары да жіберілген. 6637 әскери бөлімінің 150-ден астам жауынгері арнасынан адасқан ағынмен күресіп, су тасқынын тоқтату бойынша жұмыстарға жұмылдырылды. Үйлерін тасқын басқан тұрғындарды орта белден су кешіп қауіпсіз жерге көшіруде.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Төтенше жағдайлар аумағында 243 адам, 59 бірлік техника және 14 қайық жұмыс істеп жатыр. Олар адамдарды көшіру, дамбалардың бетінде кезекшілік ұйымдастыру істерімен айналысады.

Бұл мамандардың жұмысына жергілікті тұрғындар риза. Александр Михеев Молодой Кожевник көшесі 8 мекен жайы бойынша тұрады. Баспанасының маңы қызыл су. Өзі қауіпсіз аймаққа көшкен. Ара-тұра өз көлігімен жағдайды барып көріп тұрады.

Александр Михеев – Былғары зауыты ауданының тұрғыны:

– Құтқарушылар арнайы көлікпен адамдарды көшіріп жатыр. Үй жануарларын да жағаға шығаруға көмектесті. Кеше бұл маңда 200-ге жуық маман жұмыс істеді. Тәртіп сақшылар үйлерді түнгі уақытта күзетіп тұрады. Үй тонау фактілері тіркелген жоқ.

Жалпы тасқынның ең биік шегі бүгін кешке болады деп күтілуде.

 

Риат Шони