Денсаулық сақтау

Өңірдің дәрігерлері тәжірбие алмасуда

Гүлнар Мирбабаева – науқас:

– Оңалту шараларынан өту үшін үнемі ауруханаға жатып отырамын. Ал кешегі күні біздерді астаналық дәрігерлер қарады. Жағдайым жақсы. Осы протез болмаса мүлде аяғымды баса алмас едім. Сондықтан, емделуге мүмкіндік жасалғанына және кеңес беріп, емдеген дәрігерлерге алғысым шексіз.

Астанадан келген мамандар өңірде 3 күн болып, теріскейлік мамандармен тәжірбие бөлісіп, 2 ота жасап үлгерген. Жалпы олар 100-ге жуық науқасты тексеріпті.

Серік Рахимов – Астана қаласындағы медициналық университетінің травматология және ортопедия кафедрасының профессоры:

– Алдымен ол буын аурулары. Жамбас буындарның шығуы, эндопротезирование. Биыл бұл дәрігерлер 59 ота жасаған. Көрдік, жақсы жасалған. 70 адамды қарадық. Тағы амбулаторлық ем қабылдап жатқан 24 адамды тексердік. Соның ішінде 4-уін өзіміздің институтқа жібердік. Аздаған уақыттан кейін тағы 4 науқас келеді.

Бізден кейін олар Қарағанды облысына жол тартпақ. Жалпы мамандар өңірге денсаулық сақтау Министрлігінің тапсырмасы бойынша өткізіліп жатқан «Жоғары сапалы технологиялар» деп аталатын республикалық акция аясында келген.

Ержан Ысқақов – Астана қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары:

– Ел бойынша жоғары технологиялық медициналық қызметтер саны жыл санап өсуде. Өткен жылы осы әдіспен 21 мың 600 ота жасалды. Қазір ірі буындарға да эндопротездеу жасалуда. Ол – тізе, жамбас буындары және омыртқа. Осы технологиялардың арқасында көптеген қазақстандықтарға жақсы көмек көрсетілуде. Жалпы эндопротездеудің құны 1 млн теңгеден асып жығылады. Квота бойынша ол науқастарға тегін жасалады.

Өткен жылы Петропавлдағы 3-ші қалалық аурухана дәрігерлері осындай 551 ота жасаған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп.

 

Магжан Ахмадина