Денсаулық сақтау

Петропавлда иммундау апталығы өтуде

Дәл осы жұқпалы аурулардан әлемде жыл сайын 9 мың адам көз жұмады. Таралуы тез дерттің алдын алмаса адамзатқа қауіп төнеді. Сондықтан, жыл сайын Солтүстік Қазақтанның өзінде 149 мың адамға екпе жасатылады. Бұл үшін ел қазынасынан биылға 627 млн теңге қарастырылған.

Юрий Пузиков, Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– 11 инфекция бойынша екпе жыл бойына жасалынады. Туберкулез, вирустық Б гепатиті, полиомиелит, көк жөтел, сіреспе, дифтерия мен қызылша, қызамық. Бұл аталған аурулардан бөлек сібір жарасына қарсы қауіп тобы егіледі. Бұл үшін қаржы жергілікті қазынадан қарастырылған. Аталған дерттің қайсысы болмасын қауіпті. Адам жұқтырып алса емделуі қиын. Сондықтан, алдын алған абзал. Бұл ретте вакцинаның үлесі зор.

Петропавлда қызылша 4 жыл бұрын тіркелген. Бұдан кейін өңірде жұқпалы аурулар анықталмапты. Қазір жыл сайын, әсіресе, мектеп жасындағы балалар уақытылы егіледі. Бүгін мұнда иммундау апталығы басталды дегенді естіп, емханаға жеткен ата-аналардың қарасы көп. Гүлжаһан Жексенова да немересі Сәмираға тиісті екпесін қойдыруға келіпті.

Гүлжаһан Жексенова:

– Ине қойдырудан қашпау керек. Бала ауырмай, болашағы жарқын болып өссін десек түрлі аурулардан сақтау керек.

24-ші сәуірде басталған “Иммундау апталығы” ағымдағы айдың отызына дейін жалғасады. Ақ халаттылар тұрғындарды уақытында тиісті вакциналарын қойдыруға шақырады.

 

Акбопе Танирберген