Билік

Петропавл қаласында төтенше жағдай жарияланды

Былғары зауытындағы Рыжов көшесінің жартысын су басқан. Үйлері тасқын астында қалған тұрғындарды құтқарушылар эвакуациялауда. Үй жануарлары да қауіпсіз жерге көшірілуде. Жергілікті халық қызыл су мұндай мөлшерде келеді деп күтпепті.

Андрей Генне – Былғары зауыты ауданының тұрғыны:

– Бұл маңда менің қызым мен күйеу балам тұрады. Екі немерем бар. Кешкі сағат сегіз кезінде алқаптардан аққан су көріне бастады. Сол сәтте жиһаздардың барлығын жоғарыға көтеруге кірістік. Ал 22-00-де үйге дейін жетті. Сөйтіп, түнгі бірде олар қауіпсіз жерге көшті.

Табиғаттың мұндай тосын мінез танытуына бірден-бір себеп биыл қыста қар мөлшерден тым көп жауды. Оның үстіне Ақмола облысынан тасқын су келіп жатыр. Ал жауын-шашын жығылғанға жұдырық болды.
Наталья Чорба Рыжов көшесі 18 мекен жайы бойынша орналасқан үйде тұрады. Оның баспанасы қызыл су астында қалыпты. Нәзік жанды құтқарушылар мен тәртіп сақшылары тұрғындарды алдын ала ескертіп, эвакуациялауға дайын болу керектігін жеткізді дейді.

Наталья Чорба – Былғары зауыты ауданының тұрғыны:

– Барлығымыз жаңалықтарды көреміз, тыңдаймыз. Биылғы жылы қызыл су алдыңғы жылдарға қарағанда көп болады делінді. Біз жиһаздарды барынша жоғары көтеріп, құжаттар мен киімдерді таныстармызға апардық. Мұнда алдын ала құтқарушылар мен тәртіп сақшылары жүріп тұрғындардың бар мүлкін есепке алды. Көшуге дайын болу керектігін де айтты. Табиғаттың бұндай тосын мінезіне ешкімді кінәлай алмайсың.

Былғары зауытындағы жағдай сағат сайын өзгеруде. Қызыл судың деңгейі көтеріліп жатыр. Бұл жерге жедел түрде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жетіп, жағдайды байқады. Дамбаларды көріп, оларды тығыздау жұмыстарымен танысты. Былтыр салынған бөгеттің ұзындығы 700-метрден асады. Мұнда барлығы екі бөгет бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мынау былтыр ғана салынған дамба. Қызыл су ең төменгі жақтарын тауып үйлерге қарай ағуда. Біз оны тығыздап жатырмыз. Бөгеттің арқасында біраз баспана аман қалды.

Сондай-ақ, өңір жетекшісі жергілікті тұрғындармен де тілдесті. Халықтың көбі үйлерін тастап кеткілері келмейді. Барлығы да жағдай ушығып кетпес деп өздері топшылауда.

Үш күннің ішінде судың деңгейі 1 метр 70 см-ге көтеріліпті. Биыл Сергеев гидроторабы да 64 пайызға артық толған. Болжам бойынша қызыл судың деңгейі тағы 50 см-ге дейін көтеріледі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сергеев су қоймасында жоба бойынша 693 млн текше метр су сыяды. Ал биыл онда 1 млрд 133 млн су келген. Соның барлығы Есіл өзені арқылы келіп жатыр. Бүгінде Былғары зауытында 105 үйді су басты. Арнайы комиссия барлық шығынды есептейді. Кейін ол өтеледі.

Бүгіннен бастап Петропавл қаласында төтенше жағдай жарияланды. Шал ақын мен Есіл аудандарында ахуал тұрақталған. Шаһарға жеткен қызыл судан Заречный кентімен қатынайтын жол шайылып жатыр. Саяжайларда тасқын астында қалды. Өңір құтқарушыларына көмекке Оңтүстік Қазақстаннан да техникаларымен арнайы жасақ жіберілген.

 

Риат Шони