Спорт

“Қуаныш” ВК жоғары лига командалары арасындағы 25-ші чемпионатта жеңіске жетті

Полина Костива – “Қуаныш” ВК капитаны:

– Бұл жолғы тур оңай болған жоқ. Екі күнде 10 партия ойнадық. Бұл өте қиын. Көп күш жұмсадық. Қостанайлықтарды жеңсек, оралдық “Грация-kz”-ке ұтылып қалдық. Осы күндері бізге қолдау көрсетуге келген жанкүйерлерге алғысымыз шексіз.

25-ші чемпионаттың барлық туры аяқталды. Қорытынды шығаратын кезек те келді. Ең әуелі маусымда еңбегімен ерекшеленген үздік шабуылшы, тосқауылшы мен либеролар марапатталды. Жалпы жарыста үздік үштікті оралдық “Грация-kz” тұйықтады. Күміс жүлдені қостанайлық бұрымдылар иеленді. Ал маусым бойы оқ бойы оза шапқан “Қуаныш” волейбол клубы барлық қарсыластарын шаң қаптырып, бірінші орынды жеңіп алды. Бұрымдылар бұл маусымда 20 ойын өткізіп, оның тек біреуінде ғана жеңіліс тапты.

Айта кету қажет, бұл өңір тарихында жоғары лигада жеңіске жеткен қыздардың алғашқы командасы болып отыр.

Қайырбек Хамзин – “Қуаныш” ВК директоры:

– Бұл жеңіске жету үшін қыздарымыз көп жылдар бойы еңбек етті. Сол еңбектің жемісін көріп отырмыз. Бізде резервтегі жас қыздарымыз да жақсы ойнап жүр. Ұлттық лигаға жолдама алдық. Ендігі мақсатымыз сонда тәжірибе жинақтау. Құрамаға жаңа ойыншылар алатын боламыз.

Қойылған мақсат орындалды. Енді міндетті мінсіз орындаған бұрымдыларымыз күз айларында өз бақтарын Ұлттық лигада сынайтын болады.

 

Риат Шони