МТРА жаңалықтары

Өңірімізге Польшалық туристер келді

Анатолий Крашевский – «Коперник» поляк мәдени орталығының төрағасы:

– Біздер екі бірдей шараны біріктіріп отырмыз. Елбасы мақаласын қолдауға арналған концерт және поляк делегациясының өңірге келуі. Барлығы Президентіміздің көреген басшы екендігін біледі. Қазақстандықтар оны мақтан тұтады. Сондықтан оны меймандар да көрсін дедік. Және туристер еліміздің мәдениетімен көпұлтты халқымен жақсы танысуы тиіс.

Осыған дейін Астана, Көкшетау қалаларында болған туристер енді міне, Петропавлға жеткен. Қаланың көрікті жерлерін аралап, ертең тағы жол жүрмек.

Анастасия Касымова-Карчевская – туристік сапардың ұйымдастырушысы, Варшава қаласы, Польша:

– Біз Қазақстанды мекендеген поляктардың тарихын білу үшін арнайы келдік. Петропавлдың мізейлерін араладық, шіркеуде болдық. Алдағы уақытта Озреное және поляктар көп шоғырланған Тайынша ауданындағы Ясная Поляна ауылына барамыз. Сосын Қарағандыға баруды жоспарлап отырмыз. Жалпы 40-қа жуық адам келді. Туристерге барлығы ұнап жатыр. Қазақстан халқы шынымен қонақжай екен.

Польшадан келген туристердің арасында апалы-сіңілі Люсия Пенькос пен Елизавета Дроздовская да бар. Олар елімізге алғаш келіп отыр. Бірақ оларды Қазақстанмен көп нәрсе байланыстырады.

Елизавета Дроздовская -турист, Польша:

– 1940 жылы менің анамды әке-шешесімен бірге Петропавлға жер аударған. Сол жылы әжем, ал 1943 жылы атамыз қайтыс болады. Екеуі де осында жерленген. Кейін анамыз 21 жасында 1946 жылы Польшаға оралады. Бірақ ол Қазақстан жайлы көп айта бермейтін. Өйткені ол кезде Польшадада жағдай тұрақсыз болатын. Сондықтан біз ата-әжеміз жайлы аса көп біле бермейміз. Енді міне мүмкін құжаттар сақталған шығар деп осында арнайы келіп отырмыз.

Ал Зофия Роговска Қазақстанда туған. Оның анасы Мария 1936 жылы осында жер аударылған. Өзінің балалық шағын есіне түсірген қария, қиын кезеңде бізге қазақстандықтар қол ұшын созды деп отыр.

Зофия Роговска – турист, Польша:

– Біз Полтавкада бір отбасымен бірге тұрдық. Онда қарт адамдар тұратын. Маған немересіндей қарады. Олардың тегі – Деревянко болатын. Әлі күнге дейін есімде. Сол кезде бізге ешкім жаман қараған емес. Керісінше, көмектесіп, ылғи қолдау көрсетіп жүрді. Кішкентай болса да, соның бәрі жадымда сақталыпты. Ал 1946 жылы біздер анам екеуміз Польшаға кетіп қалдық. Сондықтан қазақстандықтарға деген алғысым шексіз.

Жалпы бүгіндері өңірде 16 мыңға жуық поляктар тұрады.

Магжан Ахмадина