Спорт

Шайбалы хоккейден 2002 жылғы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты өз мәресіне жетті

Таблодағы есеп 5-3, ақтық ойын құлагерліктердің пайдасына шешілді. Алайда, 3 кезеңнің нәтижесі бойынша жерлес хоккейшілер бірінші орынға суырылып шыға алмады.

Владислав Сингатулин – “Құлагер” командасының жаттықтырушысы:

– Чемпионатқа мықтап дайындалдық. Жарыста бірінші орынды иеленеміз деген үміт болған. Бүгін жеңіске жеткенімізбен, қорытындысында екінші орынға табан тіредік. Себебі, чемпионаттың алғашқы екі турында көкшетаулықтарға есе жіберіп алған едік.

2002 жылғы жасөспірімдер арасында шайбалы хоккейден ел чемпионаты өткен жылдың қазанында бастау алған болатын. Сол уақыттан бері 6 құраманың тек 4-еуі ғана ақтық мәреге жеткен. Үш турдың нәтижесі бойынша 30 ұпаймен көкшетаулық “Арландар” алтыннан алқа тағынды. Екінші орынды жерлес құрама “Құлагер” иеленсе, 3-ші орынға екібастұздық “ПСО” жайғасты.

Егор Грязнов – “Арлан” командасының капитаны, Ақмола облысы:

– Біздің командамыздың құрылғанына бір жылдай ғана болды. Сондықтан, біз үшін бұл – үлкен нәтиже. Осындай құраманың капитаны болғанымды мақтан тұтамын. Бұнымен тоқтап қалмайтынымызға сенімдімін. Алда үлкен жеңістер күтіп тұр деп ойлаймын.

Чемпионат жүлдегерлері медаль және кубоктармен марапатталды. Атап өткен жөн, аталмыш чемпионат облыс орталығында алғаш рет өткізілуде.

 

Эльмира Садвакасова