Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тулаған Есіл өзенінен тасыған су СҚО 11 елдімекенге жетуі мүмкін

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір Сергеев гидроторабындағы су деңгейі әлі де жоғары. Мамандар су қоймасына күнделікті мониторинг жүргізуде.

Сергеев гидроторабынан босатылған қызыл су екі, үш күннен кейін Петропавлға жетеді. Облыс орталығында тасқынға қарсы дайындық қызған. Тәртіп сақшылары Заречный кенті мен саяжайларда тұратын адамдарды құлақтандыруда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Күн сайын өңірдегі гидроқұрылымдардың беріктігі тексерілуде. Біз лас су мен зиянды қалдықтардың “Қызылжар су” серіктестігіне қарасты су тазарту станцияларына қосылып кетуін болдырмаймыз. Петропавлда 3,4 күнге жететін таза ауыз су қоры болады. Осы жағдайды пайдаланып кейбір қаскөйлер әлеуметтік желілерде гидростанцияларға лас су ағып жатыр деп жалған ақпарат таратса, оларды тауып алып, жазалаймыз.

Құмар Ақсақалов Ғ.Мүсірепов ауданында болған төтенше жағдайға да ерекше тоқталды. Алдыңғы күндері жауған жауын кішігірім өзендердің тасуы мен алқаптардағы қардың лезде еруіне себепші болды. Салдарынан су Рузаевка селосында 169 үйге кірді. Соның 12-сін қалыпқа келтіруге келмейді. Аймақ басшысының айтуынша, қазір онда комиссия шығындарды есептеуде. Бір айдан кейін азаматтарға өтемақы төленеді. Қазір бүкіл ел Рузаевка селосының тұрғындарына қол ұшын беріп жатыр екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қиын жағдайда қалған әр адам назарсыз қалмайды. Бекітілген нормалар мен ережелерге сай материалдарына зақым келген адамдарға өтемақы беріледі. Азаматтар төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің кеңесіне құлақ асып, үйлерінде қалмауы керек. Тәртіп сақшылары олардың мал-мүліктерінің тоналауына жол бермейді.

Өңір жетекшісі сөз соңында өрісте жайылып жүрген малдарға да ие болу керектігін ескерттті.

Берік Қасен