Қоғам

СҚО әкімі судан жапа шеккен Рузаевка селосына барды

Любовь Рева, Рузаевка селосының тұрғыны:

– Мынау анамның үйі. 7-ақ минутта баспанасыз қалды. Бір жарым ай бұрын шешемді өзіме көшіріп алғанмын. Білгендей-ақ екенмін. Көршім телефон шалып бұл баспананың қабырғалары құлап, қирап жатқанын айтты. Трактормен күйеуім екеуіміз бірден жеттік. Құжаттарды ғана алып қала алдық.

Қазір су қайтқан. Үйлеріне кіре алғандары мүлкін далаға шығарып кептіріп жатыр. Тасқын су келтірген шығын мөлшері әлі де есептеліп біткен жоқ. Зардап шеккен ауылға келген СҚО әкімі Құмар Ақсақалов пен “Нұр Отан” партиясының хатшысы Фархат Қуанғанов тұрғындармен тілдесті. Өңір жетекшісі шығындардың орнын толтыруға тиісті көмек көрсетілетінін айтты.

Құмар Ақсақалв, СҚО әкімі:


– Облыс басшылығы мен кәсіпкерлер қажетті көмек көрсетеді. Арнайы комиссия әрбір үйді аралап болған соң, барлық шығындарыңызды өтейміз. Бір-бір жарым айда барлық мәселені шешеміз.

СҚО-дағы ауылдардың бүгінгі жағдайымен танысқан «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі деді. Тасқыннан туындаған барлық мәселе жетекші партияның назарында екенін айтты.

Фархад Қуанғанов, “Нұр Отан” партиясының хатшысы:


– Біз облыс басшылығымен апат орын алған жерлерді араладық. Сіздердің мәселелеріңіз барша қазақстандықтардың назарын аударып отыр. Үкімет тарапынан қолдау болады. Ең бастысы – шығын мөлшерін жедел түрде есептеп, оның орнын толтыру. Ешкім далада қалмайды.

116 жылдық тарихы бар Рузаевкада мұндай табиғи апат бірінші рет орын алып отыр. Тұрғындар бұрындары Шарық өзені ерігенде су әрі кетсе бау-бақшаға дейін жететін дейді. Өңір жетекшісі көңілі күпті болып отырған халықпен кездесу барысында Есіл өзеніндегі судың деңгейі жайлы да айтты.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Былтыр Сергеевка су қоймасы ернеуінен 2 метрге дейін көтерілді. Қазіргі жағдай күрделірек. Себебі, биыл ондағы судың деңгейі 3 метр 30 см-ден асты. Есіл өзені бойындағы 11 ауылды су басуы мүмкін. Қазір бұл елді мекендердегі халық қауіпсіз жерге көшірілуде.

Аудан әкімі Владимир Дудов көз бен қастың арасында ауылды су алуының басты себебі жауын-шашынның мөлшерден тыс көп жаууы дейді.

Владимир Дудов, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Біздің Шарық, Жембарақ сулары Ақанбұрлық өзеніне құйылады. Ал, ол Есіл өзеніне ағады. Сәуірдің 15-і күні мұндай жағдай болатынын ешкім білген жоқ. Алайда, бұл күні жауған жауын мөлшері нормадан көп түсті. Салдары судың арнасынан асуына әкеліп соқты.

Бұл ретте тұрғындарды тасқынның екінші толқыны бола ма деген сұрақтың мазалауы орынды.

– Біз тағы судың астында қалуымыз мүмкін бе? Өзге жерге қоныс аударсақ та, апат қайтып келмей ме? Бұл сұрақ баршамызды мазалап отыр?

Павел Филиппов: СҚО ТЖД бастығы:

 

– Біз көктен жағдайды бақыладық. Биыл бұл жердегі өзендер енді тасымайды. Сондықтан, қазіргі уақытта сіздерге қауіптенуге ешбір себеп жоқ.

Су тасқыны кезінде Рузаевкадан 225 тұрғын көшірілді. Өкінішке қарай, олардың дені әлі де туыс-жақындарын паналауға мәжбүр. Апат келтірген залал мөлшері анықталған соң, мүлік пен баспананың орны толтырылады. Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов аудан әкіміне тұрғындардың құжатын қалпына келтіру үшін халыққа қызмет көрсету орталығы жедел түрде мобильді топ құрсын деп тапсырма берді.

Акбопе Танирберген