ТЖ

Сергеев су қоймасының деңгейі 14 см-ге төмендеді

Көктем келісімен су тасқыны жұртшылықтың күнделікті айтатын тақырыбына айналды. Есіл ағысын қарауға да теріскейліктер жиі жиналады. Қалаға үлкен су осы аптаның соңына таман келеді деген болжам бар. Құтқарушылардың айтуынша бүгінде Сергеев су қоймасында тіршілік көзінің деңгейі төмендеген.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Біздегі қолда бар ақпаратқа сәйкес ондағы су деңгейі 14 см-ге төмендеген. Қазі облыс аумағында үлкен Тораңғұл көлі қауіп төндіріп тұр. Ол 2 см-ге көтеріліп, қазір 376-ға жетті.

Биылғы жылғы тасқыннан көбіне Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарының тұрғындары зардап шекті. 146 үйге су кірген. Қазіргі таңда бұл баспаналардан қызыл су толығымен кетті. Дегенмен де бүгінде өңірде 11 елді мекен су басу қаупінде тұр. Бұл ауылдардың тұрғындарына мамандар түсіндіру шараларын жүргізіп, эвакуациялауға дайын болу керектігін жеткізген. Құтқарушылардың айтуынша халықтың көбі үйлерін тастап кеткілері келмейді.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


–  БАҚ өкілдері арқылы халыққа бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын. Ертең үлкен су келгенде бізге ешкім айтпады деген әңгіме шығады. Барлығына жадынамалар таратылып жатыр. Көбі дүниелерін біреу тонап кетеді деп қауіптенеді. Бұл ретте мен кепілдік беремін. Тәртіп сақшылары күні-түні барлығын күзетеді.

Айта кету керек, Сергеев су торабында бақылау алаңын су шайып кетті. Бұл жерде ешбір адам зардап шеккен жоқ. Сонымен қатар, гидротораптың жұмысына ешқандай кедергі келтірмейді.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Иә, ол жер құлап қалды. Бірақ, конструкцияға еш зақым келген жоқ. Су торабы баяғы қалпында жұмыс істеп тұр. Ешқандай технологиялық процесстерге кедергі келген жоқ.

Тағы бір айта кететін жәйт, әлеуметтік желілерде бірінші көтерілімдегі сорғы станциясын су шайып кетті деген алып-қашпа әңгімелер өрбіп жүр. Бұл жалған болып шықты. Қазір “Қызылжар су” серіктестігі сақтықта қорлық жоқ деп нақ осы жерде бөгеттер орнатуда. Су жақын маңда болғанымен әлі жетпепті. Тіпті жетеді деген болжам да жоқ екен.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры

– Бүгінде биіктігі 1,5 метр болатын дамба салдық. Оның ені – 3 метр. Бұл жұмыстар жалғасады. Қалада жеткізіліп жатқан ауыз су таза. Алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл сорғы станциясын 1974-ші жылдан бері су баспаған. Егер де алда-жалда тасқын астында қалатын болса бізде резервте тағы біреуі бар. Оны қазір тұмшалап жатырмыз. Апат орын ала қалған жағдайда соны іске қосамыз. Оның да қуаттылығы негізгі секілді, тәулігіне 120 мың текше метр.

Қазіргі таңда Петропавлда Заречный, Былғары зауыты кенттері мен Ойқала ауданы су басу қауіпінде тұр. Бұл жерлерде құтқарушылар мен тәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілік атқару үстінде. Егер де тұрғындарды көшіру керек болса, онда шаһарда 3 эвакуациялау пункті сақадай сай. Оларды тасымалдауға 11 автобус та әзірленген.

Риат Шони