Қоғам

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесесінің отырысы өтті

Наиль Салимов – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Облыс бойынша 83 қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Ол өткен жылғымен салыстырғанда 36- ға көп. Бізге сенім артып, өз базынасын айтып келетін халықтың қатары артуда. 120 азамат өтініш тастап, оларға уақытылы жауаптар берілді. Әсіресе, Айыртау, Ақжар, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют, М.Жұмабаев аудандарындағы және «Қызылжар су» серіктестігінде құрылған қоғамдық келісім кеңестері белсенді жұмыс атқаруда. Отбасы құндылықтарын насихаттауда, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде де айтарлықтай жұмыстар тындырды. Бұл шаруа жалғасын табады.

Алдағы уақытта ассамблея өкілдері облысымызда, жалпы елімізде өтетін барлық іс шараларға белсене қатысуды жоспарлап отыр. Өйткені, нақ ортақ істе ұйымшылдық пен ұлттар арасындағы татулықты көруге болады. Тағы жиында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы медиация орталығының жұмысы жайлы айтылды. Жыл басынан аталған ұйым 182 даулы мәселені бітімгершілікпен шешкен. Қазір олар медиацияны білім жүйесінде де дамытуды қолға алып, мамандар даярлауда.

Гүлбақша Мұсабаева – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы медиация орталығының меңгерушісі:


–  Қазіргі уақытта біздің өңірде 39 кәсіби медиатор мен 300-ден астам кәсіби емес медиаторлар бар. Тағы ақпан айында біздер осы салаға қызығып жүрген жандарды жинап семинарлар өткіздік. Содан 30 адам іріктеліп, олар аудандарға кетті.

Құмар Ақсақалов – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, СҚО әкімі:

– Былтырдан бастап осы жұмыс басталды. Әлеует жетерлік. Оны жақылап пайдалану керекпіз. Көп нәрсені дауға жеткізбей шешуге болады.

Жиында облыстық ҚХА жастар қанаты атқарған шаруалар да жіпке тізілді. Өңірде өтетін түрлі шаралардың басы-қасында жүретін олар, былтыр әсіресе, қайырымдылық жасауға ерекше көңіл бөлген. Осы ретте Құмар Ақсақалов бұл жұмысты одан әрі де жандандырып, белсендң жастарға қолдау көрсету қажет.
25 сәуірде Астана қаласында Қазақстан халқы ассамблеясының 25-ші сессиясы өтеді. Маңызды жиында өңірден баратын делегаттардың қатарында «Сапро-НАТ» ЖШС өкілдері де бар. Олар Елбасыға өз жобаларын таныстырмақшы.

Аль-Таир Сыздықов – «Сапро-НАТ» ЖШС бас директоры:

– Келісім мен достықтың басты белгісі ортақ еңбек деп санаймын. Қазіргі заманда тек жақсы жұмыс жасап, жаңғыру жолына түссең бір нәтижеге жетуге болады. Біздің компания еңбек өнімділігін арттуруда заманауи технологияларды қолданудың маңызы зор екендігін дәлелдемек. Елбасы өзінің жолдауында технологиялық жаңғыруға көп көңіл бөлді. Сондықтан біздер энергиялық тиміді қазандықтар жобасын жасадық. Оны мектептер мен ауруханаларда қолданса, айтарлықтай үнемдеуге болады. Ол экологияға да аса зиян келтірмейді.

Бизнесменнің бұл ойын облыс әкімі қолдау керек деді. Тағы жиынды қорытындылаған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Құмар Ақсақалов этномәдени орталықтардың санын арттыруды тапсырды. Әсіресе, олардың жұмысы аудандарда жандануы тиіс. Жалпы өңірде бүгіндері 25 орталық пен 154 этно мәдени бірлестік бар.

Магжан Ахмадина