Құқық қорғау органдары

Ағымдағы жылы Петропавлда 641 ұрлық фактісі анықталды

–  Қылмыскерлер мұндай арам ойларын көбіне жұмыс уақыты кезінде жүзеге асырады. Олар домофонға хабарласып, өздерін көршіміз немесе коммуналдық және әлеуметтік қызметкерміз деп таныстырады екен. Белгісіз біреулердің сөзіне тұрғындар қаншалықты сенеді? Тексеріп көрелік.

– Сәлеметсіз бе, есікті ашыңызшы, мен көршіңізге түбіртегін алып келіп едім.
-Адамдардың сенгіштігін пайдаланған ұрылар,міне, осылай үйге оп-оңай кіріп кетеді.

Қаладағы баукеспелер көбіне Петропавлдың орталығында жүріп, өз жоспарларын орындайды. Мәселен, Интернационал және Жұмабаев көшелерінің қиылысында орналасқан мына үйде жыл басынан бері екі ұрлық жасалыпты. Қылмыс әлі ашылмаған, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте шаһар прокурорлары мен учаскелік полицейлер тұрғындармен жүздесіп, оларға бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес беруде.

Ғани Жалби – Петропавл қаласы прокурорының орынбасары:

 

– Қазір республика бойынша «Ұрлық, тоқта» акциясы өтуде. Осы орайда біз полицейлермен бірігіп, қала тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырып жүрміз. Мақсатымыз – шаһардағы қылмыс санын азайту. Ол үшін біз қаладағы камералар санын арттыруымыз қажет. Тұрғын үй аулаларына да бақылау орнату керек. Бұл – баспана тонау фактісіне тосқауыл болады.

Жыл басынан бері Петропавлдағы тұрғын үйлерде 8 камера орнатылған. Оның көмегімен 22 қылмыстың беті ашылып, бұзақылар ұсталды. Жалпы өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда биыл пәтер тонау фактісі 28%-ға азайған дейді мамандар.

Айгерім Ержанова