ТЖ

Өрт сөндірушілер “Мадагаскар” ойын-сауық кешенінде тактикалық жаттығу жиындарын өткізді

“Мадагаскар” ойын-сауық кешенінің ішінде жүрген халық бірден сыртқа шығудың қамына кірісті. Дәл осы сәтте өрт сөндіруші мамандар да келіп жетті. Оларға жолда ешқандай кедергі болмас үшін тәртіп сақшылары Жабаев көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысын шектеді. Сонымен қатар, осындай жағдайларда кездесетін ұрлық фактілерін алдын алу мақсатымен полицейлер кезекшілік құруда. Өрт сөндірушілер жылдам жетісімен үш бірдей сатыны ғимарат жанына орналастырып, іште қалған адамдарды эвакуациялауға көшті. Арнайы штаб құрып, картамен өздерінің іс-әрекеттерін нақтылап алды.

– “Мадагаскар” ойын-сауық кешенінде өрт шықты. Мамандар бірден оны ауыздықтауға кірісті. Ал қалған құрам болса іште қалған адамдарды эвакуациялауда. Ол үшін мынандай саты пайдаланылуда. Оның биіктігі – 30 метр. Бұнымен түсу өте қиын.

Жерге түсірілгендерді бірден медициналық қызметкерлер тексеріп, көмек көрсетуде. Қызыл жалынмен арпалысушылар бірден өз құрылғыларын жайып, нысан ішінде өртті сөндіруге кірісті. Мынандай көк түсті жалаушалар ол түтіндеп жатқан жер, ал қызыл болса өртеніп жатыр деген сөз. Мамандар учаскені бірден тінтіп шығып, жанып жатқандарын сөндіруде.

Сергей Куприянов – “Тайга” ЖШС басқарушысы:


–  Бұндай жаттығу жиындарының ұйымдастырылғаны өте орынды. Себебі, өзіміздің қызметкерлерімізді де шынықтырып аламыз. Жалпы жұмысшыларымыздың арасында өрт қауіпсіздігі шаралары жиі түсіндіріліп тұрады. “Тайга” базарында барлығы 56 өрт сөндіру краны мен 58 өрт сөндіргіш құрал бар.

Жалпы жаттығу жиыны барысында қызыл жалын 30 минуттың ішінде толығымен ауыздықталды.

Болат Жұмажанов – СҚО ТЖД өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі:

– Өрт 60 шаршы метр аумақта шарпыды. Оны ауыздықтауға және адамдарды құтқаруға 12 бірлік техника мен жеке құрамның 40-тан астам қызметкері жұмылдырылды. “Мадагаскар” кешені “Тайга” базарының үстінде орналасқан. Аймақта 2 гидрант бар.

Тактикалық жаттығу жиынының қорытындысын егжей-тегжейлі мамандар өз бөлімдерінде талқылайтын болады. Шара барысында ешбір адам зардап шеккен жоқ.

 

Риат Шони